​Жаңа жылда ОТШАШУдың ОТСЫЗ-ақ ҚАУІПСІЗ түрін атуға болады

0
6 889

Онсыз болмайды десеңіз, қауіпсіздікті қамдаңыз.


​Жаңа жылда ОТШАШУдың ОТСЫЗ-ақ ҚАУІПСІЗ түрін атуға болады

Отшашу – Жаңа жылды қарсы алу дәстүрінің ажырамас бір бөлігіндей. Табиғатқа, экологияға зияны тигені бір бөлек, жыл сайын қаншама адамның денсаулығына зардап келіп жатса да, дәстүр жалғасын табуда. Санаға сіңіп кеткені соншалық, пиротехникалық құралдардың саудасы бұл жылы да қызу үстінде.


Отшашудың зиянын саналы түрде саралап, бас тартушылар мүлдем жоқ емес. Тек олар әлі аз. Атағы дардай алпауыт компаниялардың осы мәселеге назар аударып, отшашу әсерін беретін, бірақ зиянсыз гаджеттерді шығаруға талпыныс жасап жатқаны қуантады. Көпшілік көкейіндегі көрсеқызарлықты аз да болса басып, басқаларға үлгі боларлық оқиғаның бірін Intel компаниясы жүзеге асырды.


2015 жылы аталған компания түнгі аспанда түрлі эффектті жарық шоуын ұйымдастыру үшін арнайы квадрокоптерлер жасап шығарды. 500 дана дрон қараңғы аспанды тіле жүріп биші жұлдыздар, басқа да әсерлі көріністер туғызып, көптің көңілінен шыққан еді. Бұл өнертабыс ұшатын аппараттардың мүмкіндігі мол екенін, сондай-ақ, әрі шығынға, әрі зиянға батыратын отшашудың орнын баса алатынын айқын дәлелдеп берді. Ең жақсысы сол, дрондар шоуынан соң аспанды улы газ бен түтін торламады, жерге оқ-дәрінің зиянды қалдықтары қонбады. Сәтті өткізілген қойылым үшін компанияның аты мен осы еңбегі Гиннестің Рекордтар кітабына тіркелген болатын.


Intel Shooting Star дрондарының салмағы бар-жоғы 280 грамм шығады. Ауада 20 минут бойы қалықтауға қабілетті. Сыртқы корпусы жасанды көбік пен иілімді пластиктен жасалғандықтан, ұшу тапсырмаларын жауын-шашынды кездерде де жүзеге асыра береді. Сондай-ақ, бөлшектері мен бұрандалары арнайы тормен қапталған. Бұл жиналған көпшіліктің үстіне құлаған жағдайда, адамдарға да, өзіне де еш зиян келмеуін қамтамасыз етеді.


Квадрокоптерге 4 миллиард түрлі түс беретін өте сапалы әрі жетілдірілген светиод шамдары орнатылған. Көк аспан төсінде барлық дрон бірігіп қандай пішінді құрау керектігі арнайы бағдарламамен пәрмен беру арқылы жүзеге асады. Және, ең ыңғайлысы, барлық дрон бір ғана компьютер арқылы басқарылады.


Кезекті бір жаңа заман жетістігі - Rammaxx Electronic Fireworks деп аталады. Ол да пиротехникалық құралдар көмегімен жасалатын отшашудың зиянсыз, жоғары технологиялы баламасы. Зымыран түрінде жасалған өнертабыс толық бір қуаттаумен 50 рет қолдануға жарамды. Одан кейін де жарамсыз болып, қоқыс жәшігіне қарай жөнелмейді. Қайта қуаттап қолдану әбден мүмкін. Осы жағынан алғанда да, бірреттік пиротехникалық заттардан бәсі басым түсіп тұр емес пе?

Зымыранды ұшыруға арналған арнайы тұғыры бар. Қолдану кезінде түрлі-түсті жарық ұшқындарын шашырату арқылы отшашу әсерін береді. Сондай-ақ, түрлі көріністер мен өрнектерді де бейнелей алады.

Ең жоғары ұшу биіктігі – 91 метр. Ұшу жылдамдығы – 129 км/сағат.

Арада тағы бірнеше жыл өткенде осындай өнертабыстардың саны артып, отшашуды толығымен ысырып шығарады деген үміт бар. Ал әзірге отбасыңызбен отшашу орнына басқаша қызықты дәстүр ойлап табуға қалай қарайсыз?

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Тоқ көзінде қалған ТЕЛЕФОННАН ӨРТ ШЫҚСА не істеу керек?