​Ай-Ти маманы интернет арқылы аз ғана қаржымен 2 қабатты зәулім үйге қалай қол жеткізді?

3
5 896

Өзі жас әрі құрылыс саласын мүлде білмейтін айтишниктің интернет арқылы өте арзан бағаға зәулім үй салып алуы кімге болса да үлгі аларлық іс.


​Ай-Ти маманы интернет арқылы аз ғана қаржымен 2 қабатты зәулім үйге қалай қол жеткізді?

иллюстрациялық фото

Құрылыс саласына мамандығы мүлде келмейтін бразилиялық айтишник өзіне ұнайтын қосқабатты кірпіштен қаланған үйді нарықтағы бағаның жарты сомасына ғана салып алған. Ол не істеді?

Жәй ғана YouTube каналындағы оқу құралына және отбасының кеңесіне ғана сүйенді.

33 жастағы Эвандро Климпель Бальмант пен оның әйелі Анна Каролин қазір жалпы аумағы 200 шаршы метр болатын өте әдемі, бастысы өздеріне ұнайтын қолайлы етіп соғылған үйде тұрып жатыр. Ерекшелігі сол – зәулім үйді олар өздері соғып алған.

Үйді іргетасын қалаудан бастап шатырын жапқанға дейінгі жұмыстардың бәрін жасауға олар үшін 3 жыл уақыт қажет болған. Әрине, ішкі жұмыстары бойынша әлі де шаруалар бар, бірақ олардың жетістігі – үй сатып алудан немесе құрылысшылар жалдап соққандағы бағасынан екі есе аз қаржы жұмсаған. Арзанға түскен үй құрылысы үшін олардың мақтана алатын да жөні бар.

Бастапқыда Эвандроның ойында үй салу жоспары болмаған. Оның үйді «нөлден» бастап тұрғызуға қанша еңбек пен қаржы кететінін білгісі ғана келген екен. Сол кезде оның жездесі мұраға қалдырылған жер уческесіне иелік етеді де, Эвандро сонда үй соғып көруге ұсыныс тастайды.

Әлбетте, қаланың көпқабатты үйлеріндегі жалдамалы пәтердің шуынан шаршаған әйелі мен туыстары бұл ұсынысқа келіседі. Алдымен үйдің іргетасын (құрылыс материалынан бөлек) қалауға бригада жалдаудың ақысын (3000 $) білген жас отбасы басқа мүмкіндіктерді қарай бастайды. Барлық есепді жасап болғанда олардың жалақысы мұндай сомаға үй тұрғызуға жетпейтініне көзі жеткен Эвандро интернеттегі видеолардың көмегіне жүгінеді.

Іргетасты қалай дұрыс құю керектігі бойынша толық ақпарат алып, архитектор болып істейтін туысымен ақылдасады да, жұмысты бастап кетеді. Қолына күрек ұстамаған Эвандроны іргетасты мінсіз құйып шығуы одан сайын ынталандыра түседі.


«Егер мен іргетасты құя алған болсам, неге басқасын да жасап көрмеске?! Демек, басқасы да қолымнан келеді!», - деп ол өзіне сенім сыйлайды.


Құрылыс материалына Эвандро цементті қажет етпейтін эко-кірпішті таңдап алып (қымбат болса да), үй соғу жұмысын жалғастырады.

Ұлының үй тұрғызып жатқанын көрген құрылыста аз да болса тәжірибесі бар әкесі келіп шатырды жабуға көмектеседі. Соның арқасында үйдің шатыры 15 күнде жабылып, тағы да 12 000 үнемделеді.

Әрине, мүлде шығындалмады деуге болмайды. Шатырдың жабынына келгенде Эвандро кәсіпқой маманның да көмегіне жүгінеді. Соның өзінде үнемделген қаржы сомасы қуантарлық еді.

Үш жылға созылған құрылыс интернеттің көмегімен бразилиялық жас отбасының қалтасына салмақ салмай, екі есе қаржыны үнемдеп кең сарайдай үй салып алуға мүмкіндік берді.

Үйдің құрылысы толықтай аяқталуға жақын. Екінші қабатында ғана ұсақ-түйек жұмыстары бар. Дегенмен, астыңғы қабатындағы жайлылыққа толы асүй, қонақ бөлме мен балкон, жуынатын бөлме, екі бірдей жатын бөлме, гараж бен қойма – бәрінің де құрылысы толық біткен және олар бір жарым жылдан бері сонда жайбарақат өмір сүруде.


«Құрылыстың әрбір кезеңін өз ойымдағыдай қатесіз атқару маған келесі шаруаға бел шеше кірісуге сенім сыйлады. Оған қаншама қаражаттың үнемделуін қосыңыз. Біздің жасаған жұмысымыз соған тұрарлық болды», - деп мақтанышпен әңгімелеп берді Эвандро Климпель Бальмант.


Бұл мақаланы ұсынған себебіміз неде?

Шетелден келетін ақпараттың жағымдысы да, жайсыздығы да толып жатыр. Кез келген жайтқа кім қарай қарайды, қалай пайдасына асырады, ол соған солайша әсер етеді. Интернетте бәрі бар. Тек кім жақсысын тере алады, кім пайдасына асыра алады? Мәселе сонда жатыр.

Мемлекет немесе әке-шеше, туыстар ешкімге үй салып беруге міндетті емес. Білекте күшің, бойыңда қайратың бар жастық шақта өзіңе, болашақтағы отбасыңа қажетті дүниені өзің жасап алуға қазір мүмкіндік өте көп. Бастысы – шыдамдылық, сенім мен дұрыс есеп-қисап жасай алсаң болғаны. Әлбетте, еңбек ету – басты талап.

Дереккөз: facenews.ua

Дайындаған: Әмина Уалиханқызы,

ERNUR.KZ