НЕСИЕ - тығырықтан шығара ма, әлде...

0
2 404

Бүгінде 16 компания онлайн-несие берумен айналысып отыр. Биыл осы қатарға тағы 8 компания келіп қосылмақ. Өткен жылдың өзінде онлайн-несие беру жөнінде 1 миллионға жуық келісімшарт жасалған. Жалпы саны 248 мың клиент онлайн-несие алған. Бірақ оның ішінде тек 76-сы ғана өз құқығының бұзылғанын айтып, тұтынушылар құқығын қорғау қызметіне шағымданыпты.


НЕСИЕ - тығырықтан шығара ма, әлде...

Қазір шұғыл ақша қажет болса, табу қиын емес. «MoneyMan” дейсіз бе, «Займер», «Тengo.kz», «ТурбоМани», «Деньги клик», «Честное слово» секілді онлайн-несие беретін қызметтер мен терминалдың түр-түрі бар. Алайда, оның пайызы да аз емес. 21 жастан бастап несие беретін терминалдар бір ғана құжат талап етеді, ол – жеке куәлік. Болды. Ақша қалтаңызда. Бірақ арада біраз уақыт өткенде сығып алады.

Шымкент қаласының тұрғыны Айгүл Бекназар (есімі өзгертілді) осыдан бірнеше ай бұрын қажеттілік туған соң 50 мың теңге несие алған еді. Онда да, банктен алған кредитінің ай сайын төлейтін уақыты өтіп бара жатқан соң, амалсыз алды. Қарыз үстіне қарыз жамады. Бірақ кейін талаптарына мән бермегеніне өкініп қалды.

«Бір айдан кейін 75 мың теңге төле деген хабарлама келді. Қалайша? Сонда айына 50 пайыздан беріп отыр ма? Ондай өсім тіпті ломбардта да жоқ қой! Амал жоқ, бәрін төлеп, енді қайта жоламастай болып, безіп кеттім» дейді Айгүл.

Қазақстандағы ең алғашқы онлайн-несие 2014 жылы берілген екен. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, өткен жылы 30 миллиард теңгеге жуық онлайн-несие халыққа үлестірілген.

Иә, әзірге бұл саланың бүкіл несие жүйесіндегі үлесі – бір пайыз, бірақ ол тез қарқын алып, қанат жайып келеді.

Бүгінде 16 компания онлайн-несие берумен айналысып отыр. Биыл осы қатарға тағы 8 компания келіп қосылмақ. Өткен жылдың өзінде онлайн-несие беру жөнінде 1 миллионға жуық келісімшарт жасалған.

Жалпы саны 248 мың клиент онлайн-несие алған. Бірақ оның ішінде тек 76-сы ғана өз құқығының бұзылғанын айтып, тұтынушылар құқығын қорғау қызметіне шағымданыпты.

Ең жаманы – бұл сала заңмен реттелмеген, мемлекет те қадағаламайды, сондықтан қарыз беруші қаржылық компаниялар үстіне қанша пайыз қойса да, айыппұл мен өсімді қанша өсірсе де, өзі біледі. Арнайы заң болмаған соң, сотқа да жүгіне алмайсың.

Таяуда сенатор Сергей Ершов та осыған орай мәселе көтеріп, «онлайн-несиені мас немесе есірткі буына елтіген адам да, біреудің мәжбүрлеп, күштеуінен қорыққан адам да ала алады, бұл не сұмдық?» деп Бас прокурорға сауал жолдаған болатын.

Біз қанша үгіттесек те, мұқтаж адам несие алудан бас тартпайды. Өйткені, оған ешқандай басы артық құжаттың қажеті жоқ, көп уақытты алмайды, жұмысыңның бар-жоғы маңызды емес, тіпті кредиттік тәжірибеңде несиенің төлемақысын талай рет кешіктіргенің баттиып жазылып тұрса да, олар саған еш қиындықсыз несие береді.

Сондықтан оқырманға онлайн-несие алғанда қаперде ұстайтын бірнеше ақыл-кеңесті ұсынамыз. Ең алдымен, http://kazfintech.kz/ сайтына кіріп, бұл компания ФИНТЕХ қауымдастығына кіре ме, соны тексеріп алыңыз. Компанияның сайты, кеңсесі, барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беретін қолдау қызметі бар ма, оны да анықтаңыз.

Жеке куәлігіңізді бөгде адамдарға бермеңіз, кей терминалдар несие бергенде адамның түріне мән бермей, тек құжат бойынша рәсімдей береді. Өзі несие алмаса да, сондай алаяқтарға тап болған талай адам тұтынушылар құқығын қорғау қызметіне жүгініп, әуре-сарсаңға салынып жүр.

Есептеп көрелік. Мысалы, 100 мың тг онлайн-несие алсаңыз, күніне 2% деп есептеп, 61 күнге рәсімдеп берді делік. Сіз бұл қарызды 61 күннен кейін 220 мың тг етіп қайтарады екенсіз. Екі еседен де асып түседі. Сондықтан, қымбат несиені мойныңызға ілмей тұрып, әбден ойланған жөн.