19 ҚАРАША – диқандар мерекесі: Ауыл шаруашылығын реформалау – елдің ырысын арттырады

0
93

Оған қоса екі жүзден астам каналға сандық технологиялар енгізіліп, су көлемін есептеудің заманауи әдістері қолданысқа енгізілмек.


19 ҚАРАША – диқандар мерекесі: Ауыл шаруашылығын реформалау – елдің ырысын арттырады

Елімізде қоғамдық маңызы ерекше мерекелер аз емес. Солардың ішінде еліміздің экономикасын өрге сүйреп, қалың бұқараның берекесін арттырып жүрген – ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі де бар. Сәйкесінше, қараша айының үшінші жексенбісіне белгіленген бұл мейрам биыл 19 қарашаға тура келді.


Бұл тұрғыда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері сала мамандарын арнайы құттықтап, ел мен жердің қадірін білетін қызметкерлерді «Отанына адал азаматтар» деп бағалады. Сондай-ақ, биылғы 2023 жыл бұл сала өкілдерінің қай-қайсысына болса да оңай болмағанын ескеріп, жаздағы құрғақ ауа райының егінді өсіруге, күздегі нөсер жауынның өнімді жинауға кедергі келтіргенін, десе де қажылы қызметкерлердің арқасында өнім жиналып, еліміз астықпен қамтамасыз етілгенін атап көрсеткен. Түптеп келгенде мұның барлығы жер жыртып, егіннен береке тапқан азаматтардың табандылығын аңғартып тұрғандай.


Сондай-ақ, министрлік тамақ саласы мен қайта өңдеу бағытында жұмыс істейтін еңбек адамдарының да рөлі ерекше екеніне тоқталып, солардың еңбегінің арқасында азаматтар әлеуметтік азық-түлкітерге қол жеткізіп отырғанын тілге тиек етті. Оған қоса әлемдегі шиеленісіп жатқан геосаяси ахуал мен аумалы-төкпелі нарық алыс-жақын мемлекеттерге қиындық тудырғанда, біздің ел арқылы азық-түлік тапшылығын жойып жатқанын жеткізді.


Расында, осы бір деректерді сарапқа салып қарасақ, бүгінгі мереке иелерінің қоғамдағы маңызы өте зор екенін сөзсіз ұғынамыз. Бұл кәсіби мейрамның қоғамдық маңызға ие болып отырғаны да сондықтан.


Атап өту керек, дәл осы мереке аясында ел Президенті аталмыш ведомствоның басшысын қабылдап, Қасым-Жомарт Кемелұлына 2030 жылға дейінгі ауыл шаруашылығын дамыту жоспарының қалай орындалып жатқандығы баяндалған болатын. Ал, мемлекет басшысы министрге алдағы бес жыл көлемінде ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытып, Отандық өнімнің көлемін еселеп арттыруды тапсырды. Ол үшін еліміздегі шаруалар мен шаруашылықтарға қолдау көрсету жүйесін оңтайландыру, сала өкілдерін қажетті ресурстармен үздіксіз қамтамасыз ету, егіс егілетін жерлерді дұрыс қолдану, аталған саланы тереңірек зерделеу сынды ауқымды жұмыстарды атқару қажет.


Осы ретте аталған салалардағы жетістіктер мен нәтижелерге, салада орын алып жатқан реформаларға және еңбек адамдарын қолдауға арналған іс-шараларға тоқталып өткеніміз жөн болар.


Нақтырақ айтсақ, мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп салаларын да назардан тыс қалдырмай, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу керектігін айтқан. Себебі, ауыл шаруашылығы қашан да ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі де бірегейі болып саналады. Қасым-Жомарт Кемелұлының аталған салаға көңіл бөлгені де сол себептен. Оның үстіне «Жаңа Қазақстанда» әсіресе ауылдарды дамытып, ауылдарда тұратын халықтың жағдайын жақсартуға айрықша күш салынып жатыр. Ал, ауылдарды дамытып, ондағы бұқараның жағдайын жақсартудың бірден-бір жолы – осы ауыл шаруашылығы саласын дамыту екендігі белгілі.


Алайда, қазіргі әлемдік экологиялық мәселелер жерден мол өнім алуға кері әсерін тигізіп жатқаны тағы бар. Оның ішіндегі ең басты проблема – ағын судың тапшылғы. Сол себепті Президент егістік алқаптарына тамшылатып суару сияқты үнемді тәсілдерді, заманауы құрылғыларды қолдану керектігін тапсырған. Одан бөлек ұсақ шаруаларды кооперативтерге біріктіріп, ауқымы кең жобалар ұйымдастыруды негізгі міндеттердің бірі етіп бекітіп берген. Тиісінше, осылайша өндіруші мен сауда орындары арасындағы делдалдық жойылып, бұл бағаның көтерілмеуіне ықпал етпек. Қорыта айтсақ, былтыр берілген бұл тапсырмалар бүгінде жоспарлы түрде іске асырылып, ауыл шаруашылығы саласында оң көрсеткіштер байқалып келеді.


Атап өтсек, былтыр күздегі Президент тапсырмасынан соң министрлік пен Үкімет жеңілдетілген лизинг бағыты бойынша жаңа тұжырымдама бекітіп, соның арқасында шаруалар жеңілдікпен қырық миллиард теңгеге трактор, комбайн сынды мыңнан астам шаруашылық техникасын сатып алған. Одан бөлек, үш мыңға тарта жем-шөп жинау құралдарын алу үшін жиырма миллиард теңге қаралса, ауылдардағы кәсіппен айналысам деген қарапайым тұрғындардың игілігі үшін мақсатты пайдаланылмай жатқан сегіз миллион гектар алқап мемлекеттің меншігіне өткізілген.


Сондай-ақ, тек қана ауыл азаматтарының ауыл шаруашылығымен айналысуына және кооперативтерге бірігуіне ерекше мүмкіндік сылаған жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы болды. Өткен жылдары бірер өңірде ғана сынақтан өткізілген жоба биыл ауқымын кеңейте түсіп, он мыңдаған ауыл азаматы кәсіп бастау үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, нәтижесінде үш жүз мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы алдағы жылдары миллионға жуық азамат бағдарламаны іске асыруға бағытталған бір триллион теңгенің берекесін көретін болады.


Ал биыл мемлекет қазынасынан он жеті мың кәсіпкерге жеңілдетілген несие беру үшін жүз миллиард теңге қаржы бөлінді. Егер осы жоспар толық орындалса, ауылдардың өзінде биыл жиырма мыңға тарта жұмыс орны ашылады екен. Қазіргі уақытқа дейін ШҚО, Қостанай мен Павлодар өңірлеріне бағытталған қаржы толықтай игерілсе, өзге облыстарда жұмыстар жалғасып жатыр.


Сөз басында ағын су тапшылығы әлемдік проблема болып тұрғанын айтқан едік. Осы орайда сол мәселеге қайта оралып, биыл елімізде сумен қамту саласындағы мәселелерді реттейтін «Су кодексі» жобасы дайындалғанын атап өткеніміз дұрыс болар. Аталған жоба ағын су қажеттілігін өтеумен қатар, су нысандарының жай-күйін жақсарту және назарда ұстау сынды жұмыстарды да реттейді. Жалпы, елімізде су саласының мәселелері ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Айталық, алдағы екі жылда Ақмола, Батыс, Жамбыл, Алматы, Қызылорда өңірлерінде жалпы құны бір мың жеті жүз текше метрді құрайтын тоғыз су қоймасы салынбақ. Ал, одан кейін Қарағанды, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан өңірлерінде тағы 11 қойма іске қосылады. Тиісінше, еліміздегі суармалы жер көлемі 1,8 миллион гектардан 2,5 миллион гектарға артып, он бес су қоймасы мен суару жүйелері жөндеуден өткізіледі. Оған қоса екі жүзден астам каналға сандық технологиялар енгізіліп, су көлемін есептеудің заманауи әдістері қолданысқа енгізілмек.


Түптеп келгенде мұның барлығы елдің ырысын арттыратын қадамдар емес пе!?



Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ