2 жасар сәбиді талаған иттің иесі 30 мың теңге айыппұл төлейді

0
1 378

Ит аулада ойнап жүрген балалардың ең кішісінің басынан тістеп молаға қарай сүйреп әкеткен.


2 жасар сәбиді талаған иттің иесі 30 мың теңге айыппұл төлейді

Атырауда екі жастағы баланы ит талап тастады. Оқиға қала сыртындағы Жұлдыз-2 ықшамауданында болған. Аш иттің аузынан анасы құтқарып қалған сәби ауруханаға өте ауыр халде жеткізілді. Сорақысы сол қабаған иттің иесі айыппұлмен құттылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Үйінің қасында ойнап жүрген екі балаға қайдан келгені белгісіз, ит шабуылдаған. Ол ең кішісінің басынан тістеп сүйреп әкеткен. Жерге аунатып, талаған. Мұны байқаған анасы араша болуға әрекеттенгенімен, ит үрікпепті. Қолына түскен балғаны лақтырғанда ғана, баланы босатқан. Қансыраған бүлдіршінде дереу ауруханаға жеткізіпті.

«Ит қапқан тұстың көлемі үлкен. Желкесінде, төбесінде, самайында көптеген ашық жарақаттар көп. Басының сүйегіне дейін жеткен. Бірақ сүйегі сау. Хирургиялық өңдеу жасалып, жарақатын бір-біріне келтіріп, орнына тігілді. Баланың жағдайы қазір орта дәрежеде», - деді дәрігер-травматолог Жақсылық МАҒЗОМОВ.

Бөбектің денсаулығын ақ халаттылар әлі бір аптадай бақылауда ұстаймыз деп отыр. Сәбиінің аман қалғанына шүкіршілік еткен анасы болған жайтты ұмыта алар емес. Сәл болғанда аш иттің азығына айналар ма еді дейді.

«Иттің иесімен анам сөйлескенде, «Ит аш, 10 күн, 7 күн тамақ берілмеген ит. Аш болған соң босап, қоршаудың астын қазып, өзіне азық іздеуге шығып кеткен. Алдынан менің балам атып шыққан. Басынан тістеп, терісін жыртып, басынан молаға қарай сүйрей жөнелді», - дейді сәбидің анасы.

Қанды оқиға сәрсенбі күні болған. Қабаған ит қала сыртындағы базадан ұсталыпты. Полиция оның 35 жастағы қожайынына қатысты әкімшілік іс қозғады.

«Оқиға бойынша иттің иесіне қатысты ӘҚБ туралы Кодексінің 408 бабы 2 бөлігімен, яғни иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бұзу фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - дейді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира МҰХТАРОВА.

Сорақысы да сол асыл тұқымды итті ұстаған тұрғын 30 мың теңге айыппұлмен ғана құтылмақ. Оның басқаларға қауіп төндірмейтініне ешкім кепіл бола алмайды.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 909 адамды ит қауып алған.