2019 жылы ҰБТ-да қандай өзгерістер болады және грант қалай тағайындалады

0
941

Қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез келген пунктіде тапсыра алады.


2019 жылы ҰБТ-да қандай өзгерістер болады және грант қалай тағайындалады

ERNUR.KZ. Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту аясында 2019 жылдан бастап мемлекеттік білім гранттары білім бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Сондай-ақ, мамандарды даярлау бағыттарының жаңа классификаторы енгізіліп отыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгінгі күнге дейін еліміздің жоғары оқу орындарында мамандықтар тізімі нақты көрсетілген классификатор пайдаланылды. 2019 жылдан бастап жаңа классификатор енгізіледі. Онда мамандықтардың нақты тізімі емес, мамандарды даярлау бағыты көрсетілетін болады. Сәйкесінше, еліміздің жоғары оқу орындары дербес білім бағдарламаларын жасап алады.

«Осыған орай, мемлекеттік білім гранттары білім бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. Мәселен, «Математика пәні мұғалімдерін даярлау» тобына «Математика», қосарланған «Математика-Физика», «Математика-Информатика» мамандықтары кіреді. Ал, «Ақпараттық технологиялар» тобына - «Информатика», «Ақпараттық жүйелер» және тағы басқалары енеді. Яғни, білім гранттарының тағайындалуы бұрынғыдай мамандық бойынша емес, білім бағдарламаларының топтары бойынша жүзеге асырылмақ. Грант ұтып алған соң талапкер ЖОО-ға таңдаған білім бағдарламасы бойынша тіркеліп, ЖОО-ға құжаттарын тапсыру кезінде өзі таңдаған мамандық бойынша білім алады», - делінген хабарламада.

БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалады. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.

«Бірақ, биылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет - қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізілмек. Қаңтар, наурыз, тамызда өтетін тестілеуді тапсыру арқылы талапкер ЖОО-ның тек ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік алады. Ал, мемлекеттік білім грант конкурсына қатысу үшін міндетті түрде маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуы тиіс. ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсу үшін талапкерге жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез келгеніне қатысып, шекті балл жинау жеткілікті» деп мәлім етті министрліктен.

Қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез келген пунктіде тапсыра алады. Тек тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беру қажет.


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет