2022 жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің мөлшері жарияланды

0
897

​Келесі жылы айлық есептік көрсеткіш 2021 жылғы АЕК-пен салыстырғанда 146 теңгеге өседі.


2022 жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің мөлшері жарияланды

ERNUR.KZ. Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш мөлшерін 3063 теңге (7,2 доллар) деңгейінде белгілеу ұсынылды. Ашық НҚА порталында жарияланған "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында АЕК осындай көлемде қарастырылған, деп жазады sputnik.kz.

"2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұлдарды, салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңге болып белгіленсін", - делінген жоба мәтінінде.

2021 жылы АЕК 2917 теңгеге тең болды. Егер заң жобасы қабылданса, оның көлемі 2022 жылы 146 теңгеге артады.

Қазақстанда АЕК жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді, сондай -ақ республика заңнамасына сәйкес айыппұлдарды, салықтарды және басқа төлемдерді есептеу үшін қолданылады.

Еңбек министрлігі президенттің 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" жолдауына сәйкес үкіметке 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42 500-ден (100 доллар) 60 000 теңгеге (141 доллар) дейін көтеру тапсырылғанын хабарлады.