2023 жылы Қарағандыдағы автожолдардың біраз бөлігі жөндеуден өтеді

0
601

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына сәйкес, 23 ауылда жол жөнделеді.


2023 жылы Қарағандыдағы автожолдардың біраз бөлігі жөндеуден өтеді

Соңғы жылдары елімізде өңірлерді дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Нәтижесінде, нақты жоспарлар тізімі бекітіліп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда еліміздің барлық облыс аймақтарында өзекті мәселелерді шешу жұмыстары қарқынды жүзеге асып жатыр. Аталған жоспарға сай, бірінші кезекте халыққа қолайлы жағдай жасаумен қатар тұрмыс сапасын арттыру көзделген.

Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде бекітілген жоспарлар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Ендеше, Қарағанды облысында осы уақытқа дейін атқарылған және алдағы жоспарлар туралы сөз қозғасақ.

Өздеріңізге мәлім, Қарағанды облысы еліміздің орталығында орналасқан көмірлі өлкелердің бірі. Қанша дегенмен, қазба байлыққа толы өңірдің жолдарының сапасы барлық стандарттарға сай болуы шарт екені анық. Осы ретте, күн тәртібінен түспейтін жолдың сапасына тоқталайық.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, Қарағандының облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5965,3 шаршы метрді құрайды. Автомобиль жолдарында 124 көпір, 3 439 су құбыры бар.

Жалпы облыс аумағында 200-ден астам тұрақты автобус қатынасы ұйымдастырылған. Олардың қатарында 7 халықаралық, 7 облысаралық, 58 ауданаралық, 103 қалаішілік, 30 қала маңындағы және 11 ауданішілік қатынастар бар.
Ең алдымен, өткен жылғы көрсеткіштерге емес, биыл жасалатын жұмыстарға тоқталайық. Әкімдіктің дерегінше, биыл Қарағанды облысында облыстық, аудандық және қалалық маңызы бар 734 шақырым автожол жөнделеді.

(иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден)
Атап айтар болсақ, Четская мен Пичугин көшелерінде күрделі жөндеу басталып, 50 көше ретке келтіріледі.
Оның ішінде орташа жөндеу жұмыстары Волочаевскаядан Гончарная көшесіне дейін, Ермеков көшесінен Әбдіров даңғылына дейін және Назарбаев даңғылынан Чкалов көшесіне дейін жалғасады. Сонымен қатар, Бөкетов көшесінде жол салу және Космонавттар көшесін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
Одан бөлек, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін Үлкен Михайловка станциясының ауданында теміржол арқылы жаяу жүргіншілер көпірі салынады.
Ал, облыстық жолдарға келетін болсақ, 317 км және 345 км аудандық маңызы бар және елді мекендердің көшелеріне жөндеу жүргізілетін болады. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына сәйкес, 23 ауылда жол жөнделеді.
Қарағанды облысында "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 2 аэродром салу жоспарланған. Қазіргі таңда ұлттық жобаны іске асыру мақсатында аэродромдар құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.
2021 жылы Қарағанды облысында жол жөндеу жұмыстарына 79,9 миллиард теңге бөлініп, 1 606 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 85 пайызға жетті. Ал, өткен жылы жол жөндеу жұмыстарына 56,4 миллиард теңге бөлінді.
Сонымен қоса, облыс аумағында қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Нақтырақ айтатын болсақ, өткен жылдың соңында тағы 20 жаңа автобус сатып алынды. Сатып алынған автобустар конкурстық рәсімдердің нәтижелері бойынша Жезқазған қаласының қалаішілік маршруттарында іске қосылды. Сондай-ақ, Теміртау қаласы бойынша Донфенг маркалы 20 маршрут сатып алынды. Айта кетейік, аталған автобустардың барлығы мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға бейімделген.
«Сонымен қатар, №3 автобус паркі қалааралық маршруттардағы ескірген жылжымалы құрамның бір бөлігін 10 бірлік неміс автобустарына ауыстырды. Автобустар Қарағанды қаласын спутник қалаларымен байланыстыратын бағыттарда жұмыс істейді. Биылғы жылы қосымша QazTehna зауытынан 25 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр», - делінген әкімдік ақпаратында.
Қарағанды облысында 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап, қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі іске қосылған. Аталған жүйенің іске қосылғанына көп болмаса да, нәтижесі жаман емес. Бүгінгі таңда төлемдердің 96 пайызы электронды түрде қабылданып жатыр.
Тағы да айта кететін жайт, 1 наурыздан бастап көпбалалы аналар, бірінші топтағы мүгедектер және 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер қоғамдық көлікте жол жүруге қосымша жеңілдіктер алды. Атап айтар болсақ, «Бақытты бала – Бақытты ана – Бақытты отбасы – Бақытты ел» Жол картасына сәйкес жаңа жеңілдіктер пайда болды.

Келесі кезекте инфрақұрылым саласы бойынша Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталамыз.

Қарағанды облысында 2015 жылдан бастап инженерлік желілердің тозу деңгейінің төмендегені байқалады. Атап айтар болсақ, жылу желілері 61,5% - дан 56,9% - ға дейін, электр желілерінің тозуы 61,9 пайыздан 58,6 пайызға дейін төмендеген.
Облыс аумағында аталған бағыттар бойынша тиісті жұмыстар әлі де жалғасуда. Бекітілген жоспарға сәйкес, 2025 жылға қарай 462,8 км электр беру желілері жаңғыртылатын болады.
Қарағанды облысында жылу жүйесімен қамту шаралары да жоспарға сай атқарылуда. Нақтырақ айтатын болсақ, 2021 жылы жылумен жабдықтау саласында 10 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Аталған жобаға 16,4 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Нәтижесінде 30 км жылу желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса, Шахан кентіндегі орталықтандырылған қазандық және магистралды жылу желілерінің құрылысы мен Балқаш ЖЭО-нан Қоңырат шағын ауданына дейін магистралды жылу желісінің құрылысы бойынша жобаны іске асыру аяқталды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс өңірлерінің 200 мыңға жуық тұрғынын жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік туды.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, Қарағанды облысының сумен жабдықтау желілерінің тозуы 59,8%, кәріз желілерінің тозуы 68,5 пайызды құрайды. Осы кемшіліктерді жою мақсатында 234 км су құбыры және кәріз желілері салынып қайта жаңартылды.
Ал, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету қалаларда 98,5%-ды, ауылдық елді мекендерде 91,8 пайызды құрайды.
Қарағанды облысында елді мекендерді газбен қамту жұмыстары кестесе сай жүргізілуде. Атап айтқанда, Жезқазған, Теміртау және Қарағанды қалаларында газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Аталған үш қала бойынша желілер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сенімгерлік басқаруына берілді. Бүгінгі таңда Қарағандыда - 62 үй , Жезқазғанда - 17 үй, Теміртауда - 54 үй газбен жабдықтауға қосылған.
Ал, Қарағанды қаласына қатысты екінші іске қосу кешені бойынша құрылыс жұмыстары жақында аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қоса, Теміртау қаласының екінші іске қосу кешені бойынша құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында.
Аталған үш қала бойынша іске қосу кешенінің құрылысы 2023 жылдың 1 тоқсанында аяқталады.
Бүгінгі таңда Саран қаласына апаратын газ құбырының құрылысы жалғасуда. Қазірге дейін 18 шақырым газ құбырының 17 шақырымы жөнделді.
«Облысты одан әрі газдандыру шеңберінде Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде, Осакаров ауданының Осакаровка кентінде және Шахтинск қаласында газбен жабдықтау желілерінің құрылысына шарттар жасалды. 2022 жылға газбен жабдықтау жобалары бойынша Ұлттық қордан 9 114 419 мың теңге бөлінді», - делінген әкімдіктің ресми сайтында.
Биылғы жылы облысты одан әрі газдандыру аясында Саран қаласы мен Осакаров ауданы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.

Құрылыс экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі екені өздеріңізге мәлім. Осы ретте, кезекті тұрғындардың өмір сүру сапасына бірден-бір әсер ететін құрылыс саласына арнайық.

Кезек күттірмейтін бұл мәселе Қарағанды облысында да жоспарға сай іске асырылуда. Жалпы өңірде көп пәтерлі тұрғын үйлер, мәдениет және спорт объектілерінің құрылысын ұлғайту көзделген. Облыс аумағында 2021 жылы 471,9 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде:
- құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 91,2%;
- күрделі жөндеу бойынша 138,8%;
- жөндеу жұмыстары 124,2%.
Айта кетейік, құрылыс жұмыстарының көрсеткіші бойынша Қарағанды қаласы көш бастап тұр. Ал, екінші орынға Теміртау және Шет аудандары тіркелді.
Қарағанды облысында 2021 жылы мыңнан астам жаңа ғимараттың құрылысы аяқталып, тұрғын үй ғимараттарының жалпы ауданы 663,2 мың шаршы метрге жетті.
Аталған жылы бюджет қаражаты есебінен 40-қа жуық әлеуметтік нысандарды салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса, 16 әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілді. Атап айтар болсақ, денсаулық сақтау нысандарын дамыту аясында 2 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы балалар мен жасөспірімдер сарайы мен Қарқаралы ауыл-шаруашылық колледжі жатақханасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Облыста мәдениет пен спорт нысандарын дамыту мәселесі де қолға алынған. Атап айтсақ, Жезқазған қаласындағы Жошы ханның тарихи-мәдени кешені және "Ұлытау" мұражайы мен орталығына бару үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желісі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Ұлытау ауданында орналасқан Қарсақпай кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Сәтбаев қаласындағы спорт кешенінің құрылысы қайта жаңартудан өткізілді.

Түйіндей келе, алдағы уақытта да Қарағанды облысын дамыту мәселесі дәл осындай қарқымен жалғаса берсе, 2025 жылға дейін айтарлықтай нәтижеге жету мүмкіндігі бар. Жоба аясында өңірдегі өзекті мәселенің барлығы шешімін табар деген сенім мол.

ERNUR.KZ.