2024 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақы мөлшері қалай өзгереді

0
948

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болады.


2024 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақы мөлшері қалай өзгереді

ERNUR.KZ. 2024 жылы елімізде айлық есептік көрсеткіш пен төменгі күнкөріс шегінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік жәрдемақы тағайындалғандар сәйкесінше көбірек қаражат алады, деп жазады stan.kz.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болады. Ал ең төменгі күнкөріс шегі енді 43 407 теңгеге жетеді. Ең төменгі жалақы – 85 000 теңге.


Ерекше қажеттілігі бар адамдар алатын жәрдемақы

2024 жылы мүгедектігі барлардың жәрдемақы мөлшері өзгереді:

1-топтағылар – 95 495 теңге (2,20 күнкөріс деңгейі);
2-топтағылар – 79 435 теңге (1,83 күнкөріс деңгейі);
3-топтағылар мен 7 жасқа толмаған мүгедектігі бар балалар – 69 885 теңге (1,61 күнкөріс деңгейі).

2023 жылы 1 қыркүйектегі есеп бойынша Қазақстанда мүгедектігі бойынша 538 мың адамға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалған.


Ерекше қажеттілігі бойынша жәрдемақы тағайындау

Мүгедектік бойынша жәрдемақы алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығы немесе egov.kz арқылы өтініш жазу керек. Өтінішпен бірге жеке куәлігі, мүгедектігі туралы анықтамасы, банктік шот туралы мәліметтерді тіркейді. Ведомствоаралық сараптамалық кеңестен, орталық әскери-дәрігерлік комиссиядан мүгедектік беру себебі туралы шешім талап етіледі. Ауруханадан алынған денсаулығындағы ақаулық туралы куәлік те қажет болуы мүмкін.


Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері

Марқұмның асырауында бір адам қалған болса – 37 330 теңге (0,86 күнкөріс деңгейі);
Екі адам болған жағдайда — 64 676 теңге (1,49 күнкөріс деңгейі);
Үшеу болған кезде – 80 303 теңге (1,85 күнкөріс деңгейі);
Төрт адам жағдайда – 85 077 теңге (1,96 күнкөріс деңгейі);
Бесеу болса – 88 116 теңге (2,03 күнкөріс деңгейі);
Алты және одан да көп адам – 91 589 теңге (2,11 күнкөріс деңгейі).

Екі ата-анасынан да айырылған балалардың әрқайсысына 51 2209 теңге (1,18 күнкөріс деңгейі) жәрдемақы беріледі.

Жерлеуге арналған біржолғы төлем – 52,4 АЕК немесе 193 460 теңге.


Асыраушысынан айырылған жағдайда жәрдемақы қалай тағайындалады?

Жәрдемақыны тағайындау үшін бірнеше құжат керек:

  • Азаматтық хал актілерін жазу органдарының анықтамасы;
  • Студенттер үшін оқу орнынан анықтама;
  • Қамқоршылықты белгілеу туралы құжат;
  • Тұлғаның қайтыс болғанын дәлелдейтін құжат.

Мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақылар туралы" заңда марқұмның асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің де жәрдемақы алатыны айтылған.

Еңбекке жарамсыз деп кәмелетке толмаған балалар, зейнет жасына жеткен жұбайы мен ата-анасы саналады. Егер марқұмның баласы жалпы орта, техникалық және кәсіптік оқу орнында күндізгі оқу бөлімінде оқыса, оған 23 жасқа дейін төленуі мүмкін.

Қайтыс болған адамның өгей баласына да жәрдемақы қарастырылған. Бірақ оның туған ата-анасы алимент төлесе, онда жәрдемақы берілмейді. Сондай-ақ марқұмның баласының ерекше қажеттілігі болса, 18 жастан асса да, оған жәрдемақы тағайындалады.

Қайтыс болған адамның мүгедектігі бар бауырлары мен немерелерінің басқа асыраушысы, яғни еңбекке қабілетті ата-аналары болмаса, онда оларға да жәрдемақы төленеді.

Сонымен қатар, қайтыс болған адамның сегіз жасқа толмаған балаларына, бауырларына немесе немерелеріне қамқорлық жасап, жауапкершілікті өз мойнына алған адамдар жасы мен жағдайына қарамастан жәрдемақы алуға құқылы. Көбінесе ол ата-анасының біріне, жұбайына немесе туыстарына тағайындалады.

Одан бөлек, мемлекет тарапынан бөлінетін арнайы жәрдемақылардың мөлшері де өзгереді.


Арнайы мемлекеттік жәрдемақылар

  • Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге 16 АЕК немесе 59 072 теңге;
  • Басқа әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге 4,8-ден 6,19 АЕК-ке дейін 17 722-ден 22 853 теңгеге дейін;
  • Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 6,19 АЕК 22 853 теңге;
  • Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне мүгедектік бойынша теңестірілген адамдарға 7,55 АЕК, 27 875 теңге;
  • Ұлы Отан соғысында көз жұмған немесе із-түссіз жоғалған жауынгерлердің жесірлеріне 4,48 АЕК, 16 540 теңге беріледі. Алайда ол қайтадан отбасы құрмауы шарт.
  • Социалистік еңбек ерлері, үш дәрежелі "Еңбек даңқы" ордендерінің иегерлері, "Қазақстанның еңбек ері" атағын иеленген азаматтарға 138,63 АЕК немесе 511 822 теңге;
  • “Халық қаһарманы” атанғандарға 138,63 АЕК, яғни 511 822 теңге;
  • Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен одан зардап шеккен азаматтарға 1,07 АЕК, немесе 3 950 теңге;
  • Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға – 1,07 АЕК, 3 950 теңге жәрдемақы тағайындалған.