2025 жылдан бастап әскери қызметтің жаңа түрі енгізіледі

0
4 073

Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдады.


2025 жылдан бастап әскери қызметтің жаңа түрі енгізіледі

ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы мақұлданды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Заң жобасында әскери қызметтің жаңа түрін - резервтегі қызметті енгізу ұсынылады. Заң жобасына сәйкес резервтегі қызмет - бұл аумақтық қағидаты бойынша (тұрғылықты жері бойынша) әскери қызметтің ерікті түрі.

Бұдан бөлек, заң жобасы резервтегі әскери қызметте болудың шекті жасын, резервтегі әскери қызметшілердің сабақтар мен жиындардан өту тәртібін, сондай-ақ резервтегі қызметті өткеру кезеңінде залал келтіргені үшін резервтегі әскери қызметшілердің жауаптылығын белгілейді.

Заң жобасы жұмыс беруші мен резервтегі әскери қызметші арасындағы еңбек қатынастарын реттеу, сондай-ақ резервтегі әскери қызметшіні әскери қылмыстық құқық бұзушылық субъектілері санатына жатқызу бөлігінде өзгерістер мен толықтыруларды да көздейді.

Резервшілерге денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады және жас шектеулері белгіленеді: офицерлер үшін – 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін – 18-ден 50 жасқа дейін.

Парламент Мәжілісінің комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.

Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.