2025 жылы мұнайдан тыс бюджет тапшылығы 5,3% болады

0
665

2023 жылдан бастап Ұлттық қордан мұнай салығының түсімдерін ғана алу жоспарланып отырғанын жеткізді.


2025 жылы мұнайдан тыс бюджет тапшылығы 5,3% болады

ERNUR.KZ. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2025 жылға дейін бюджет тапшылығы қалай құбылатынын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бюджет тапшылығының жалпы ішкі өнімге қатысы 2023 жылы 2,7% деңгейінде, ал 2024-2025 жылдары 2,6 және 2,5%-ға дейін төмендете отырып, айқындау ұсынылады.

Мұнайдан тыс тапшылық деңгейі ЖІӨ-ге қатысты 2023 жылы 6,8%-дан 2025 жылы 5,3%-ға дейін төмендейді деп болжанады. Бұл Ұлттық даму жоспарының мәніне сәйкес келеді», - деді министр.

Сондай-ақ, ол 2023 жылдан бастап Ұлттық қордан мұнай салығының түсімдерін ғана алу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджет қағидасымен шектелген, болжам бойынша олар мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар көлемінен аспайтын болады.

Үкіметтің 2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының іс-шараларын және Мемлекет басшысының шешімі бойынша ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 2023 жылы 1 трлн теңге және 2024 жылы 400 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда», -деді министр.