"42 500", "Жұмабектің бажасы": Pixar студиясының "Лука" анимациялық фильмі қалай қазақша сөйледі?

0
789

"Лука" – "Болашақ" қорының бастамасымен дыбысталған отыз жетінші фильм.


иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақшаға жай аударылмай, ауызекі тілге бейімделіп, заманға сай өңделген, деп жазады informburo.kz.

Pixar студиясының "Лука" атты анимациялық фильмі көрерменге жол тартты. Ол италиялық жас режиссер, "Оскар" сыйлығының номинанты Энрико Касаросаның алғашқы лентасы. Режиссер бұған дейін "Жоғары" және "Коконың құпиясы" мультфильмдерін кадрға бөлу суретшісі болған. "Лука" туындысы 2020 жылы дүниеден өткен атақты композитор Эннио Морриконеге арналған.

Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақшаға жай аударылмай, ауызекі тілге бейімделіп, заманға сай өңделгені айқын байқалады. Кейіпкерлердің сөздері, әзілдері сөзбе-сөз емес, жергілікті мәдениетке сай аударылған.

Мысалы, "Лука" филмьінде дубляж жасау кезінде көріністің мағынасын айқын жеткізу үшін "отпен ойнап жүрміз", "аузыңа май, астыңа тай" сынды қазақша тұрақты тіркестер қолданылған. Мультфильм сюжеті теңізбен байланысты болғандықтан "ит өлген жер" тұрақты тіркесі "кит өлген жер" деп жақсы өзгертілген. Сондай-ақ, соңғы уақытта кең тараған "42 500", "Жұмабектің бажасы", "Қуып кету" деген сөздер сәтті енгізілген. Фильмнің дубляж режиссері Назерке Леспекқызының айтуынша, осындай ұсақ-түйектер арқылы фильм тек балаларға емес, ересек адамдарға да қызықты әрі түсінікті болады.

"Дубляж жасау да актерлік ойын сияқты қиын шаруа. Кішкентай ғана дыбыс жазу бөлмесінде көрерменнің қолдауынсыз, байланыссыз, тек экранға қарап кейіпкерді дыбыстау оңай шаруа емес. Әсіресе, бұл салаға енді аяқ басқан балақайларға дубляж процесін түсіндіру қиын. Десе де актерлердің бәрі өз кейіпкерін сәтті дыбыстап шықты. Тіпті, Луканы дыбыстайтын Бағжан фильмнің әсерлі тұстарын шынымен көзіне жас алып тұрып дыбыстаған кездер болды",– дейді Назерке Леспекқызы.

"Лука" фильмінің дубляж кастингіне Нұр-Сұлтаннан 32 актер қатысқан. Оның ішінде Айгүл Иманбаеваның "А.И академиясы" шығармашылық студиясының үш оқушысы бас кейіпкерлерді дыбыстап шықты. Атап айтсақ, Бағжан Нұртайұлы – Луканың, Мұхаммедәли Заманбеков – Альбертоның, ал Динар Қалдыбай – Джулияның дауысын салған.

"Лука өте ұялшақ, ақылды кейіпкер. Оның жаңа нәрсені танып-білуге деген құштарлығы маған қатты ұнады. Фильмде кейіпкер түрлі оқиға мен эмоцияны басынан кешіреді. Дыбыстап тұрып, өзім де соның ішіне кіріп кеткендей болдым. Кейде қуанып, кейде мұңайып, кейде өкініп, тіпті соған байланысты дауысым да өзгеріп кеткеніне таң қалдым", – дейді Луканы дыбыстаған Бағжан Нартайұлы.