​«5 жасымда зорламақ болған» - бойжеткен әкесінің қысым көрсеткенін айтып берді

0
2 955

"Ұят боладының" кесірінен бүтін бір әулеттің қыздары сексуалдық қысым көруге мәжбүр болған.


​«5 жасымда зорламақ болған» - бойжеткен әкесінің қысым көрсеткенін айтып берді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің құқығын қорғап жүрген «НЕМОЛЧИ.KZ» қорының жетекшісі Дина Смаилованың сөзінше, "ұят боладының" салдарынан талай қылмыстың беті ашылмай келеді. Бұл туралы ERNUR.KZ Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Биылдың өзінде зорланған 16 қыз-келіншек бізге көмек сұрап келді. Соның ішінде оның 9-ын өз күйеулері ұрып-соғып, қорлаған. Ал, мұндай қылмыстардың көбісі жабулы күйінде қалады. Оның себебі көп. Біріншіден, құқық қорғау органдарының жұмысты тиянақты жасамауы. Бұл жерде жемқорлық фактілері де кездеседі. Екіншіден, ата-аналар істі соңына дейін жеткізуге дәрменсіз. 90-жылдары зорланған қыздардың әкелері сол жігіттерді жазалап, сазайын берудің орнына, қызын тоқпақтап ұратын. Міне, сол психология әлі күнге дейін бар», - дейді «НЕМОЛЧИ.KZ» қорының жетекшісі Дина Смаилова.

"Ұят боладының" кесірінен бүтін бір әулеттің қыздары сексуалдық қысым көруге мәжбүр болған. Йоханна Ақбергенова солардың бірі. Оның айтуынша, бұған дейін анасын ағайындарының бірі зорлапты. Туған-туысқандары мәселені ашық айтып, құзырлы органдарға жүгінудің орнына, бәрін жабулы қазан күйінде қалдырған. Салдарынан, бала көтеріп қалған анасы өмір бойы бауырларының тезгісіне ұшыраған. Ең сорақысы, дәл сол қылмыскер кейінгі сіңілілері мен жиендерін де зорлап кеткен. Осылайша, анасының көрген зорлығын Йоханна да бастан кешкен.

«... беске толғанымда мені зорламақ болды. Содан кейін ол тоғыз жылға жоғалып кетті. Жасым 14-ке шыққанда тағы да сексуалдық қысым көрсетпек болды. Менің білуімше әкем, бұған дейін де өзге қарындастарын зорламақ болған. Заңды түрде айып тағылмаған соң ол өзінің жымысқы әрекетін еш тыймаған», - дейді жәбірленуші Йоханна Ақбергенова.

Ал ұяттың құқықтық салдарын зерттеп жүрген Сәуле Мектепбаева ұят феноменін заман талабына сай өзгерту қажет дейді. Өйткені "ары тапталып, жан-дүниесі қан жылап жатса да" оны жалпақ жұртқа жариялап, өз құқын қорғауды "ұят" санайтындардың дені Кеңес заманының түсінігімен қалып қойғандар көрінеді.

«Біздің қоғамда ненің дұрыс, ненің бұрыс екені талқыланып жатқаны, әрине, қуантады. Тек біз уақыт өткен сайын "ұят" деген ұғымның түсінігі де өзгеретінін ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде «ұят» деп айтып жүрген адамдардың барлығы 60 жылдардың түсінігімен қалып кеткен. Сондықтан, біз оны заман талабына сай қарап, "ұят" ұғымының шекарасын қайта бекітуіміз керек», - дейді сарапшы Сәуле Мектепбаева.