7 жыл қамап ұстаған: Қарағанды облысында 26 жастағы қыз биіктен секіріп мерт болды

0
1 145

Қабырғалары бос, төсек-орны жоқ, бөлменің іші қоқысқа толы болған.


7 жыл қамап ұстаған: Қарағанды облысында 26 жастағы қыз биіктен секіріп мерт болды

ERNUR.KZ. Теміртаудың 26 жастағы тұрғыны көпқабаттың үйдің терезесінен секіріп мерт болды. Оқиғадан 7 жыл бұрын қыз аяқ астынан жоғалып кеткен екен. Ал анасы мен ағасы оның тұрмысқа шыққанын және елордаға кетіп қалғанын айтқан, деп жазады Stan.kz.

Оқиға 20 мамырда орын алған. Көпқабатты үйдің тұрғындары 9-қабаттың балконында қыздың тұрғанын байқаған. Артынша ол дәмхананың шатырына құлапты. Куәгерлер бірден полиция мен жедел жәрдем шақырады.

Жедел жәрдем бригадасы қызды ауруханаға жеткізді. Оның ішкі ағзалары қатты зақымдалыпты, сонымен қатар аяқ-қолы, бас сүйегі сынған. Көршілерінің бірінің сөзінше, оқиғаның ертесі күні жергілікті тұрғын көршілерге қыз тұрған бөлменің видеосын көрсеткен.

«Қабырғалары бос, төсек-орны жоқ. Бөлменің іші қоқысқа толы. Оның сөзінше, бөлмеде демалу мүмкін емес», - деп келтіреді басылым көршісінің сөзін.

Үй тұрғындарының айтуына қарағанда, секіріп кеткен қыздың есімі – Ирина. 26 жастағы қыз анасы және өзінен 4 жас үлкен ағасымен бірге тұрған екен. Қайғылы оқиға орын алған күні ағасы пәтерде болған.

Тұрғындар Иринаны қарапайым, ұяң қыз деп сипаттайды. Олардың айтуынша, қыз 7 жыл бұрын мектеп бітіре салысымен жоғалып кеткен екен. Содан бері оны ешкім көрмепті.

Көршілерінің сөзінше, Иринаның анасы – әдепті, жұмыс істейтін әйел. Ағасын да сыпайы, аз сөйлейтін адам деп сипаттайды.

«Оқиғадан бұрын одан біреу Иринаның қайда кеткенін сұрады. Анасы қызының тұрмысқа шығып, елордаға көшіп кеткенін айтыпты. Құтқарушылар қызды төменге түсіріп жатқан кезде, адамдар оның Ирина екенін танып қойды. Ол толып кеткен. Бұрын жоғалып кеткенге дейін арық болған еді», - дейді көршісі.

Басылым мәліметінше, үй тұрғындарының бәрі Ирина 7 жыл бойы өмір сүрген бөлменің видеосы туралы айтқан. Алайда журналистер аталған видеожазбаны таба алмады.

Роликті көргендердің сөзінше, бөлменің қабырғаларына жағымсыз бірдеңе жағылған екен. Сонымен қатар есікке құлып орнатылған. Ал терезелердің бәрі шкафтармен жабылыпты.

Алайда бір қабатта тұратын көршілері біртүрлі ештеңені байқамағанын айтады.

Ал қыздың отбасы журналистермен тілдесуден бас тартты. Көршілерінің бірі көз жұмған қыздың анасы мен ағасы діни сектаға кіріп кеткен деген күдігін айтты.

«Ағасы туралы жұрт не айтса да, оны дені дұрыс адам деп ойлаймын. Ол велосипедпен жүретін, жігіттермен серуендейтін. Алайда бұрын оның және отбасы мүшелерінің қандай да бір діни сектаға кіргені туралы сөз тараған. Мүмкін олар әлі күнге дейін сол сектаның мүшесі шығар», - дейді ер адам.

Полиция «Өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.