Агенттік казиноға барған қызметкерлері қалай жазаланғанын айтты

0
439

Желіде Алматы облысы прокуратурасы жүргізген тексерістің нәтижесі жарияланды. Онда казиноға жиі барып тұратын 300-ден астам мемлекеттік қызметші туралы айтылған.


Агенттік казиноға барған қызметкерлері қалай жазаланғанын айтты

ERNUR.KZ. Казиноға барып 507 млн теңге жұмсаған мемлекеттік қызметшілер арасында Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері де болған. Бұл туралы агенттіктің кадр жұмысы департаментінің директоры Нұрлан Адалиев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Айтуынша, бұл фактіге қатысты барлық мемлекеттік орган тергеу жүргізген.
"Шынымен де, біздің 4 қызметкеріміз ол жерде қызмет бабымен болған. Өздеріңіз білесіздер, бұл заңмен қарастырылған. Біз тиісті тергеу жүргіздік. 2 қызметкер бойынша фактілер расталды, олар қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қалған қызметкерлер казиноға барғанда және тексеріс кезінде Қаржы мониторингі агенттігінде жұмыс істемеген", - деді Адалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол әрбір факті мұқият тексерілгенін және жағдай бақылауда екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін желіде Алматы облысы прокуратурасы жүргізген тексерістің нәтижесі жарияланды. Онда казиноға жиі барып тұратын 300-ден астам мемлекеттік қызметші туралы айтылған.
Түрлі мемлекеттік органдардың 305 қызметкері құмар ойындарға 507 млн теңге жұмсаған. Олардың арасында ішкі істер министрлігінің - 97, қорғаныс министрлігінің - 95, қаржы министрлігінің - 25, сондай-ақ Антикор, Қаржы мониторингі агенттігі, Жоғарғы сот пен әкімдіктердің қызметкерлері бар.