"Ағамды сүйрей бастайды": Үш адам көз жұмған Қызылордадағы атыстың шындығы ашылды

0
647

Қызылорда қаласында үш адам көз жұмған атыстың қалай басталғаны белгілі болды.


ERNUR.KZ. Оқиға кезінде бірнеше жерінен оқ тиіп, жарақат алған тұрғын Хансейіт Мектепбаевтың жұбайы бір топ адам негізі жолдасын өлтіруге келгенін айтты, деп жазады stan.kz.

Бірақ ауладағыларға оқ жаудырып, арты қанды қақтығыспен жалғасатындай жанжалға не себеп болғанын, тіпті үйіне келген бір топ адамның кімдер екенін де білмей отыр. Осыдан бір апта бұрын көшенің қақ ортасында бір-бірін қуып жүріп оқ атқан азаматтардың қарулы қақтығысы әлі де жұрттың есінде. Сол оқиғадан үш бірдей жігіт оқиға орнында ажал құшып, оқ тиген тағы үш адам ауруханаға жеткізілген. Осы сұмдық жағдайдың қалай басталғанын өз көзімізбен көріп, атысқа қатыстық деген Хансейіт Мектепбаевтың отбасындағылар айтып берді. Хансейітке қастандық 6-мамыр күні басталды дейді келіншегі.

Айтуынша, атыс болардан бір күн бұрын 49 жастағы үйдің иесін есігінің алдында екі жігіт жабылып соққыға жығып кеткен. Ол жағдайды Хансейіттің 15 жастағы қызы көрген екен.

“Телефонмен сөйлесіп келіп, не болды деп барғанда жағынан ұрады. Ол сосын құлайды. Оның қандары гаражда бар. Құлаған кезде тебеді. Тепкеннен кейін қызым папамды ұрмаңыз деп итеріп жібереді. Сол кезде анау екеуі қашып кетеді”, – дейді Хансейіт Мектепбаевтың әйелі Жанар Жұмабаева.

Ал ертеңінде сол үйге Хансейіттің інілері қонаққа келген. Жарты сағат өткен соң бірнеше көлікке мінген бір топ жігіт баспанаға баса көктеп келді дейді оқиға куәгерлері.

Бейтаныс адамдардың Хансейіттің үйіне бет алған кезі сол маңдағы дүкеннің бенйебақылау камерасына түсіп қалған. Жаға жыртыс төбелес те, қарулы қақтығыс та сол сәттен басталған көрінеді.

“Бір топ бала кіріп, ағамды сүйрей бастайды. Сол сәтте біз келіп араласамыз. Оқ жаудыра бастайды ғой. Қуандық деген ініме оқ тиеді. Оны мен сүйреп алып кетемін”, – дейді Қайрат Мектепбаев.

Ағасына қонаққа келген 27 жастағы бокстан спорт шебері Қуандық Жүсіп Хансейіттің ауласында көз жұмған. Ал баспанаға атылған оқтардың ізі әлі тұр. Бірақ үй иесі өзінің аңшылыққа алған мылтығын інісін өлтіргендерден қорғану үшін ғана пайдаланды дейді Хансейіттің әйелі.

Алайда жолдасының ешқандай қылмыстық топқа қатысы болмаса да, мұндай қастандықтың не үшін жасалғанын білмейміз деп отыр.

Құзырлы органдағылар да атыстың себебін әзірге жарияламады. Белгілісі, жаға ұстатарлық жағдайға күдікті ретінде іздеуде жүрген екі азамат ұсталыпты.

Тағы екеуі әлі де бостандықта. Ал қазір Хансейіттің үйін полицейлер қорғап жүр. Сондай-ақ, бұл оқиғаға байланысты кісі өлтіру, бұзақылық, есірткі және заңсыз қару айналымы баптарымен 8 қылмыстық іс қозғалды.