​Айдар Әмребаев: Саясаткердің ең негізгі жауапкершілігі – Қазақстанның мемлекеттілігін сақтап қалу

0
396


​Айдар Әмребаев: Саясаткердің ең негізгі жауапкершілігі – Қазақстанның мемлекеттілігін сақтап қалу

Бүгінде Қазақстанның сыртқы саясаты қандай бағытта дамуда? Энтони Блинкен елімізге қандай мақсатпен келді? Қазақстан қай нарықты, қай серіктесті таңдайды? Бұл бағыттағы өз ойларын саясаттанушы, саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әмребаев ортаға салды.

- Елімізге АҚШ-ның мемлекеттік хатшысының сапар жасауы тұрғысынан қарайтын болсақ, еліміздің осы алпауыт елмен ара-қатынасы қандай деңгейде?
- Қазіргі таңда АҚШ-тың бүкіл халықаралық қатынаста маңызы зор. Бұл – ең беделді мемлекеттің бірі. Осы себепті олардың мүддесі әр түрлі мемлекеттермен байланысында айқын көрініс табады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық қарым-қатынасы қалыптасқан кезде АҚШ алғашқылардың бірі болып тәуелсіздігімізді қолдады. Сонымен қатар үлкен жәрдем көрсетті. Әсіресе алғашқы сәттерде үлкен инвестиция тартылғанда Қазақстанның экономикасына ықпалын тигізген АҚШ болатын. Осы жағынан алатын болсақ, біздің қарым-қатынастарымыз стратегиялық жүйе бойынша қалыптасып келе жатыр.
Бүгінде біздің қарым-қатынастарымыз әр түрлі салаларда ұлғайып келе жатыр. Оның ішінде экономикалық, саси, қауіпсіздік мәселелерде, геосаяси мәселелерде іске асуда. Қазіргі қиын жағдайда, әсіресе Еуразиялық кеңістікте, өздеріңіз білетін геосаяси қақтығыстар төңірегінде қарайтын болсақ, АҚШ-тың тұрақтылық орнатуда ықпалы өте зор.
Біздің Президентіміз – беделді дипломат. Өзі бірталай лауазымды қызметтерді атқарды. Дипломатия саласында еңбек етті, министр болды, Сенат басшысы болды, БҰҰ жұмыс істеді. Сондықтан ол, әрине, АҚШ-ты ең беделді мемлекеттердің бірі ретінде көріп, соларға өз ұстаныстарын, ой-пікірлерін жеткізіп, Қазақстанның болашағы жөнінде ой бөлісіп келе жатыр. Оның ішінде АҚШ-тың Президентімен, ал жақында олардың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен Қазақстанға жасаған ең бірінші іс-сапары аясында ақылдасып, Орта Азиядағы тұрақтылықты орнату, оны ары қарай экономикалық жағынан дамыту мәселесін қарастырған болатын.
Баршамызға мәлім, қазір экономикалық жағынан алатын болсақ, үлкен көршіміз Ресей және Украина арасында қақтығыстарға байланысты экономикалық жағдайымыз қиын жағдайға тірелді. Сондықтан осы жағынан Қазақстанның жалпы саясаты қандай болуы керек? Әсіресе экономикалық жағынан біздің ұстанымдарымыз қандай болатынын, әр түрлі серіктестерімізбен қарым-қатынасты қалай дамытатынымызды, дағдарыс жағдайында мүмкіншіліктерді қалай пайдаланып, қауіптерден қалай сақтанатынымыз маңызды болып табылады. Блинкен өз сөзінде екінші деңгейлі санкцилар туралы сөз қозғаса, біздің міндетіміз – санкциялық режимге тап болмау.
- АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының елімізге сапарының нәтижесі қандай?
- Қазақстанның экономикасы мұнайға тікелей байланысты. Осыған орай біздің әлемдік нарықтағы рөліміз де маңызды. Әсіресе бастыс Еуропа, Қытай сияқты мемлекеттер біздің экономикамыздың тоқтамауынан мүдделі. Бүгінде бұл саланы дамытып қана қоймай, оны тасымалдау жолдарын да үйлестірген жөн. Мысалы, Ресеймен қарым-қатынас қиындап бара жатыр. Осы себепті Блинкен кездесулерде Қазақстан мұнай өнімдерін тасымалдаудың басқа жолдарын, амалдарын тауып, тұрақтылыққа септігін қосады деген пікірін білдірді.
Ал біздің тарап – Қасым-Жомарт Тоқаев, Сыртқы істер министрі әлемдегі жағдайды ортаға салып, өз пікірлерін айтқан болатын. Осы жолы АҚШ-пен бірлескен жаңа форматтағы ұйымның кездесуі өтті. «С5+1» деп аталған ұйымның ішінде АҚШ-пен бірге Орта Азияның 5 мемлекеті қосылды. Аталған елдердің сыртқы істер министрлері осы отырыс аясында Астанаға келді. Отырыста осы Орта Азияның мемлекеттері бірлесіп, бір кеңістікті қалыптастырудың егжей-тегжейін қарастырған болатын. Қазақстанның Президенті Тоқаев және Өзбекстан Президенті Мирзиеев екеуі бірлесіп, орта Азияны әрі қарай қалай дамытуға болады, интеграциялық кооперация, экономикалық жағдайды үйлестіру мәселесін тағы талқылаған болатын. Осы жағынан алатын болсақ, осы екі мықты мемлекеттің Орта Азияға қосатын үлестері зор. Баршамыз тарихтан білеміз Еуропалық одақтың негізін қалаған екі мемлекет – Франция мен Германия болатын. Соған қарап, Қазақстан мен Өзбекстан да ортаазиялық бірлестікке септігін тигізуі мүмкін. Осы жағдайды Энтони Блинкен де бекер есепке алған жоқ. Орта Азияға сапарында ол екі мемлекетке қатар ат басын бұрды. Екі басшы – Қазақстан және Өзбекстанның Президенттерімен кеңесіп, ары қарай Үндістанға ұшып кетті. Одан кейін байқасақ, Қазақстан және Өзбекстан Президенттері Шымкентте бейресми түрде кеңесіп, осы бейресми кеңесте екі Президент АҚШ саясаткерінің ұсынысын, ой-пкірілерін талқылап, бір қорытындыға келген сияқты.
- Бүгінде еліміз Қытайға экспортын ұлғайтпақшы. Қытай жағы да қазақстандық ауыл шаруашылығы импортына қызығушылық танытатын сыңайлы. Бұл бағыттағы мүмкіндіктеріміз қандай?
- Алпауыт мемлекеттерді алатын болсақ, Қазақ мемлекеті екі үлкен мемлекеттің арасында өсіп-өніп, өз тәуелсіздігін сақтаған болатын. Абылай ханның саясаты мен дипломатиясының аясында кезінде Ресей мен Қытайдың арасында қазақ елі өз саясатын жүргізе алды. Осы саяси дәстүрді біздің басшылар сақтап келе жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев және Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі алпауыт мемлекеттің арасында қазақтың мүддесін сақтау, мүмкіншіліктерді пайдалану, қауіптерден аулақ ұстау саясатын байқаймыз. Әсіресе Қасым-Жомарт Тоқаев өткен қызметінде байланысты Қытайды жақсы білетіні мәлім. Сондықтан Қытайдың беделді мемлекеттердің қатарына қосылып жатқанын пайдаланып, Қазақстанға да септігін тигізетініне сенімді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең бірінші ресми сапарында Қытайға баруы, Қытай басшысының да пандемиядан соң алғашқы ресми сапарын Қазақстанға жасағаны екіжақты байланысты айқын көрсетеді. Осы сапарларда Қазақстан және Қытай басшылары стратегиялық қарым-қатынасымызды ары қарай ұлғайту, сапасын көтеру жағын талқылады. Экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынасты алатын болсақ, Қытай – ең үлкен нарық деп түсінеміз. Оның ішінде әсіресе азық-түлікпен қамтамасыз ету жағынан Қазақстаннан әр түрлі ет өнімдерін, жеміс-жидекті Қытайға жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл біздің кәсіпкерлерге көмек көрсету, Қытай нарығына жұмыс істеу мәселесі жүзеге асатын сияқты. Екі мемлекеттің арасында сыртқы істер министрлігінде және экономика саласындағы министрліктерде бірлескер комитеттеріміз бар. Сол комитеттерде сауда-саттық, экономикалық қатынастарды ұлғайту мәселесі ылғи талқыланады. Оған мүмшкіншіліктер жасалып жатыр. Ол ары қарай да дамиды деп сенім білдіруге болады.
- Қаңтар оқиғасы еліміздің сыртқы саясатына қаншалықты әсер етті?
- Қаңтар оқиғасы баршамыздың жүрегімізге де, көңілімізге де ауыр тиген оқиға болды. Өткен жылғы қаңтардан кейін Қазақстанның саясаты күрт өзгерді деп айтуға болады. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың наурыз айында өз жолдауында сөз еткен саяси реформалар көптеген өзгерістерге бастама болды. Соның негізінде елімізде конституциялық реформа ұйымдастырылды. Мерзімінен сұрын Президент сайлауы өтті. Сенат жаңарды. Енді міне Мәжіліс сайлауына дайындалып келе жатырмыз. Соны атап өтетін болсақ, саясаттың іші де сырты да болады. Сыртқы саясатты айтатын болсақ, Қазақстан бұрынғы көпвекторлық сыртқы саясатты орындаумен айналысып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ең беделді мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас жасауға қадам жасауда. Арасында Ресей де, Қытай да, АҚШ та, Еуропа да, мұсылман мемлекеттері де бар. Барлық қарым-қатынастардың негізгі мәні – Қазақстанды сақтап қалу. Дағдарыс кезеңінде бізге Украина не Ресей жағына шығуға болады. Қоғамымыздың ішінде-ақ екі жаққа бөліну бар. Бірақ саясаткердің ең негізгі жауапкершілігі – Қазақстанның мемлекетілігін сақтап қалу. Осы дағдарыста тұрақтылықты сақтап қалу керек. Сонымен қатар, экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени қарым-қатынастарды дұрыс бағытта жоспарлап, орындау міндеттері тұр. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев осы саясатты бірте-бірте орындап келе жатыр.
- Кей сарапшылар ҰҚШҰ-нның бітімгерлік күштерінің елге әкелінуі көпвекторлық сыртқы саясатымызға нұқсан келтірде деген пікірлерін білдірген болатын. Оған қатысты ойыңыз қандай?
Шынында да кейбір сарапшылар сыртқы саясаттағы шешімдер, Президенттің шешімдері көпвекторлық саясаттың өзгеруіне ықпал тигізуі мүмкін дегенді айтты. Қазір қаңтар оқиғасы бойынша түрлі ой-пікірлер айтылып жатыр ғой – кім не үшін таласқаны туралы деген сияқты. Соны талқылайтын болсақ, ескі билік Ақордаға таласқан сияқты. Осы таласта қандай мүмкіншілікті пайдалануға болатын еді? Президентіміз осы жағдайда өзінің дипломатиялық жағын көрсетті. Ол дегініміз - әр түрлі келісімшарттарымыз бар – ҰҚШҰ бар, Шанхай ынтымақтастығы бар, тағы басқаларының арасынан қай ұжымның, ұйымның қандай мүмкіншіліктері бар екенін сараптап, әрі қарай шешім қабылдады. Оның ішінде 30 жыл емес, 300 жыл бойы Ресеймен тығыз қарым-қатынаста келе жатырмыз, ақпараттық кеңістігіміз, тарихымыз ортақ. Осы жағын сараптап, ең қауіпсіз, Қазақстанның мүддесі үшін қолайлы бағыт – Ресей болды. Сол қиын қыстау заманда осынлай шешім қабылданды. Меніңше, ол дұрыс шешім болды. Біз сонымен қарасақ, ҰҚШҰ-ның қарулы күштері қаңтар оқиғасы араласқан жоқ, қару жараққа араласқан жоқ. Символикалық түрде келгені әр түрлі диструктивті күштерді тоқтату үшін пайдаланылды. Сондықтан қазақтың мүддесі үшін, халық үшін өте дұрыс шешім болды. Оны да әрі қарай тарихта сараптайтын болады. Түрлі ой-пікірілер айтылады, құжаттар ашылады, куәгерлері сөйлейтін болады. Қаңтар оқиғасы бойынша нақты пікір айту әлі қиын әрі ерте деп ойлаймын. Оны да жақсылап зерттеп, қорытындысын шығару керек.
- Еліміздің сыртқы саясатының концепциясы туралы не ойлайсыз? Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020-2030 жылдарға бағытталған сыртқы саясат концепциясы орталық Азия мемлекеттеріне бағытталған. Оның міндеттері қандай?
Әр мемлекет өзінің сыртқы саясатқа бағытталған концептуалды ой-пікірлерін білдіреді. Қазақстанда да осындай концепция қалыстасқан. Оның ішінде қазіргі кедергі-қауіптер мен мүмкіншіліктер сарапталған. Негізгі ұстаным – осыған дейін айтқанымдай, ұлттық мүдде. Ұлттық мүддені сақтап қалу, мүмкіндіктерді пайдаланып, елімізді дамыту – концепцияның негізі болып табылады. Біз транспортық, логистикалық орталықта орналасқанбыз. Біз осы әр түрлі бағытта қалыптаспасақ, біздің мүмкіншіліктеріміз шектеулі болады. Ең басты ұстаным – біздің бауырлас мемлекеттер, ортаазиялық мемлекеттермен экономикалық жағынан бірлестік құрып, ортақ мүддені қалыптастыру – сыртқы саясаттың негізгі бағыты деп тануға болады. Онымен бірге алпауыт мемлекеттер жақсы қарым-қатынасты орнату керетігін бәріміз білеміз.

ERNUR.KZ.