Әйелді 35 жерінен пышақтап, көлігіне тығып қойған ақтөбелікке үкім шықты

0
467

Әйелді пышақтап өлтіріп, денесін екі күн бойы көлігінің жүксалғышында сақтаған.


Әйелді 35 жерінен пышақтап, көлігіне тығып қойған ақтөбелікке үкім шықты

ERNUR.KZ. Әйелмен кездесіп, кейін оны 35 рет пышақтап өлтірген сотталушыға бүгін үкім оқылды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қылмыстық оқиға биыл болды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, 1976 жылы туған ақтөбелік әйел 23 ақпан күні жұмысқа шығып, үйіне қайта оралмаған.

Полиция іздеу жұмыстарынан соң 29 жастағы күдіктіні ұстады.

Ол әйелді пышақтап өлтіріп, денесін екі күн бойы көлігінің жүксалғышында сақтаған.

Оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің «кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүрді. Іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сотталушы Д. биыл 15 ақпан күні жәбірленушімен сайт арқылы танысқан.

Отбасынан ажырасқанын айтқан. Ал 21 ақпан күні сотталушы жеңіл көлікті жалға алады. Кейін жәбірленушіні күтіп алып, үйіне жеткізіп тастайды. Сол күні телефон арқылы қайта хабарласып, жыныстық қатынасқа түседі.

23 ақпан күні сағат 19:00-де күтіп алып, тағы кездеседі. Сол кезде сотталушының анасы қоңырау шалып, жігіттің ұялы телефонының бетінде тұрған отбасы фотосы көрінеді.

Екеуі сөзге келіп, жәбірленуші соңында жасырын арақатынас жайында әйеліне айтып баратынын жеткізген.

«Сотталушы осы сөзден қорқып, ашуға салынады. Көліктің алдыңғы есігіндегі тартпада тұрған пышақты алып, киініп жатқан жәбірленушінің кеуде тұсына, қол-аяғына жарақат салып, қинап, тұншықтыру үшін тамағын, желкесін бірнеше рет кескілейді. Тірі кезінде 35 кесіп-тесілген дене жарақатын келтірген», - деді айыптау актісін оқыған прокурор.

Жәбірленуші дене жарақаты салдарынан оқиға орнында қаза тапқан.

Кейін сотталушы жәбірленушінің денесінен құтылу, қылмыстық іс-әрекетін жасыру мақсатында мәйіттің аяқ-қолын бүктеп, көліктің жүксалғышына салып қойған.

Сотта сотталушы өз кінәсін мойындады.

«Сот сотталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартты. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Сонымен бірге жәбірленушінің өкіліне 8 млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс»,- деді облыстық соттың баспасөз қызметі.