Әйелі тастап кеткен ер адам 9 баласын бір өзі асырап отыр

0
259


Әйелі тастап кеткен ер адам 9 баласын бір өзі асырап отыр
ERNUR.KZ. Тоғыз баласын жалғыз баққан әке! Анасына керек болмаған ұл-қыздарына бір өзі бас-көз болып, өзгелерден кем қылмай асырап отырған азамат Түркістан облысында тұрады. Ханәділ Жұмабаевтың кенжесі жақында ғана төртке толыпты. Өзі шағын ғана ауылда қарапайым күзетші болып еңбек етеді. Ал ұрпағынан бас тартқан тасжүрек әйел қайда жүр? Жалғызбасты әкенің арманы қандай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

- Аяла не тамақ істеп жатырсың? Білмей жатырсың ба?
- Торт.
- Тортты қалай істейді?

Аялаға тәтті тортты дайындап беретін әзірге анасы жоқ үйде. Сондықтан, сүйікті асын бүлдіршіннің өзі әзірлеуге тура келеді. Ойыншықтарын реттеп, ойша тәтті қиялға беріліп отыр.

Ханәділ Жұмабаевтың күнделікті тірлігі осы. Балалары үшін қара қазанның да бабын үйреніп алған. Күніне екі мезгіл ас-ауқат әзірлеп, ыстық тамақ пісіреді. Әкелерінің әрбір тағамы қара домалақтарына ұнайды.

Енді тағдыр ғой. Басқа түскен соң тамақ істеуді үйрендік. Тек жұмыртқа қуыруды ғана білетінмін. Қазір палау, бәрін істеп жатырмын, - дейді Ораз ата ауылының тұрғыны Ханәділ Жұмабаев.

Отағасы соңғы екі жылдан бері жалғыз өзі балаларына бас-көз болып жүр. Жұбайы отбасынан кетіп қалған екен. Алысқа емес, көрші ауылда тұрады. Анда-санда перзенттерінен хабар алғаны болмаса, үйге келмейді екен. Оған балалары да үйреніп қалған. Анасынан гөрі, әкелері жақын.

Әкеме үй жұмыстарына көмектесем. Бос уақытымда үй жинаймын. Сабақ орындаймын. Ініме шығара алмай жатқан есебі, жазуына көмектесемін, - деді мектеп оқушысы Мейрамбек Пернехан.

Мейрамбек ауылдағы мектепте 7-ші сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы. Оқу озаты болғандықтан, бауырларына қарайласады. Үй тапсырмасын қадағалайды. Кейде оған әкесі де қосылады. Әйтеуір, екі жақтап жүріп, мұғалімнің үйге берген тапсырмасын орындап үлгереді.
Ханәділ жұбайы жайында сыр ашып ештеме айтқысы келмейді. Не себепті ажырасқанын да айтпады. Ауыл ақсақалдары кезінде татуластырмақ та болыпты екеуін. Бірақ, ортақ келісімге келе алмапты.
Дегенмен, енді қайттім деп отырған отағасы жоқ. "Береке басы - бірлікте" екенін жақсы білетін ол биыл қаңтарда Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіріпті. Сұранысы қанағаттандырылып, әр тоқсан сайын 300 мың теңгеге жуық жәрдемақы алады екен. Аудан әкімдігі жұмысқа орналастырып берген. Және үкіметтен 864 мың теңге алуға жәрдемдесіпті. Ақшасына есік алдына жылыжай салып, қызанақ, қияр өсірумен айналысады. Тапқан табысын балаларына жұмсайды.

Табыс қой енді. Балаларға әйтеуір, ары қарай өздерін ептеп кетер. Үйренгеннің еш айыбы жоқ. Тіршілік естеп, өздерінің күнін көретін әрекет істеп жатыр, - деді Ораз ата ауылының тұрғыны Ханәділ Жұмабаев.

Тағдыр тауқыметіне мойымаған отағасы балаларына әкелік қамқорлықпен қоса аналық мейрімді де қатар сыйлауға барын салып келеді.
Отағасының бар арманы – жақсы тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру. Бұл шаруа бір өзіне оңайға соқпасын бідеді. Сондықтан жұбайы қайта оралатын болса, перзенттері үшін жаңа өмір бастауға дайынмын деп отыр.


Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет