Air Asia Алматыдан Бангкок пен Куала-Лумпурға тікелей рейс ашуы мүмкін

0
481

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Air Asia Aviation Group компаниясы тобының коммерциялық директоры Карен Чан ханыммен кездесті.


Air Asia Алматыдан Бангкок пен Куала-Лумпурға тікелей рейс ашуы мүмкін

ERNUR.KZ. Кездесу барысында Малайзия өкілдері Air Asia авиакомпаниясының Алматыдан Бангкок пен Куала-Лумпурға рейс ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді, деп жазады stan.kz.

Аталған кездесуге Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Air Asia Aviation Group компаниясы тобының кірістер мен бағыттар жөніндегі директоры Пол Кэррол мырза, Air Asia X авиакомпаниясының атқарушы директоры Беньямин Исмаил қатысып, екі тарап Қазақстан мен Малайзия арасындағы тұрақты жолаушылар тасымалы және жүк әуе қатынасы мәселелерін талқылады.

Air Asia Aviation Group өкілдері авиакомпанияның бірінші кезеңде Куала-Лумпур мен Бангкоктан әрбір бағыт бойынша аптасына 4 рейс жиілікпен Алматыға, аптасына 3 рейс жиілікпен Астанаға іске қосуды жоспарлап отырғандарын айтты.

Сондай-ақ Air Asia әуекомпаниясы Қазақстан аумағында "виртуалды хаб" құруды, сонымен бірге Стамбул (Түркия), Париж (Франция), Франкфурт (Германия), Лондон (Ұлыбритания) қалаларына "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесімен ұшуды жоспарлап отыр. Екі ел арасындағы рейстердің ашылу мақсаты сауда-экономикалық қатынастарды, туризм мен іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ету.

Air Asia – Азиядағы ең ірі бюджеттік авиакомпания. Компанияның әуе кемелері әлемнің 25 елінде 400-ден астам бағыт бойынша ұшады.