Ақмола облысында ғалымдар құрғақшылыққа төзімді бидай сортын ойлап тапты

0
863

Біраз жыл зерттеуден өткен тұқым енді тәжірібиеде қолданылады.


Ақмола облысында ғалымдар құрғақшылыққа төзімді бидай сортын ойлап тапты

ERNUR.KZ. Ақмола облысында ғалымдар майлы және дәнді дақылдардың құрғақшылыққа төзімді сұрыптарын ойлап тапты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тұқымның жаңа түрлері аймақтың климаттық жағдайына төзімді, дейді мамандар.

Біраз жыл зерттеуден өткен тұқым енді тәжірібиеде қолданылады. Тағы бірнеше жыл алқаптарда сынақтан өтеді, сонан соң жаппай пайдалануға ұсынылады.

Биылғы құрғақшылық жергілікті диқандарды тығырыққа тіреді. Аптақ ыстықтың салдарынан егін алқаптарының бір бөлігі күйіп кеткен.

«Соңғы жылдары біз құрғақшылықтан көз ашпадық. Биыл да жауын-шашын аз болды. Қуаншылыққа төзімді егін сұрыпын өзіміз өндірсек, өнім сапасын көтерер едік. Осы жылғы астық шығыны менде ғана емес, барлық диқанда аз болмайды деп олаймын», - дейді шаруа Асхат Ғалиев.

Қуаншылықтан шығынға ұшыраған шаруаларға жергілікті ғалымдар көмектесуге ниетті. Селекционер Кенжебай Қожахметов бірнеше жылдан бері дәнді дақылдардың жаңа сұрыптарын өсіреді. Ғалым бидайдың бірнеше түрін будандастырып, жаңа тұқым сұрпын ойлап тапқан.

«Бұл әлі сорт болмаған, гибрид дейді. Синтетикалық линия деп атайды. Негізгі қасиеттері ауруға төзімді және өнімділігі көп. Бұл басқа бидай өнімдерімен салыстырғанда өнімділігі екі есеге көп. Жалпы бұл тұқым гектарына 70 центнерге дейін береді деген болжам бар», - дейді биология ғылымдарының докторы Кенжебай Қожахметов.

Жем-шөп дақылдарының жаңа сұрыптарына да сұраныс жоғары. Тек биылдың өзінде жергілікті шаруаларға бір миллион үш жүз мың тонна мал азығы қажет.

«Егін шаруашылығымен мал шаруашылығы қатар дамып келеді. Оларды жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында және арзан, сапалы құрамында амин қышқылдары бар дәнді-дақыл таңдап алу болды басты мақсатымыз. Сонымен қатар, бұл жерде майлы дақылдардың ішінде зығыр, күнбағыс, рапс дақылдарын экологиялық сорт сынаудан өткізіп жатырмыз», - деді Көкшетау тәжірибелік-өндірістік шаруашылығының басқарма төрағасы Құттымұрат Тағаев.

Қазіргі уақытта тәжірибелік-өндірістік орталық оннан астам шаруа қожалығымен жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе орталықтарының қаржыландыруын ұлғайтып, материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Бұл құрғақшылық қаупін сейілтіп, өнім көлемін арттыруға септігін тигізеді.