Ақмола облысында шығарылатын минералды мақтаға шетелден сұраныс артты

0
531

Зауытта 170-ке жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылардың көпшілігі жергілікті тұрғындар.


Ақмола облысында шығарылатын минералды мақтаға шетелден сұраныс артты

ERNUR.KZ. Ақмола облысында технологиялық құрылыс материалдарының өндірісі артып келеді. Үлкен сұраныс энергия үнемдейтін технологияларға бағыт алуына және «жасыл» экономикаға біртіндеп көшуіне байланысты, деп жазады ҚазАқпарат.

Ведомствоның мәліметінше, өңірде осындай жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибе бар. Ерейментау және Целиноград ауданында жел электр стансаларын салу бойынша бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Аршалы ауданында қуаттылығы 100 МВт болатын ірі жоба жүзеге асырылып келеді.

Ал Макинск қаласында мемлекеттік қолдаудың арқасында минералды мақта, технологиялық өнім шығаратын зауыт жұмысын қайта бастады, оған ішкі нарықта ғана емес, шетелден де сұраныс артып келеді.

«Біз өз өнімімізді негізінен Қазақстанның өңірлеріне жеткіземіз. Соңғы кездері Орта Азия елдеріне, яғни Қырғызстан, Өзбекстан және басқа елдерге өнім экспорттау бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп атап өтті кәсіпорынның бас директоры Манатбек Бақтыбаев.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауытта 170-ке жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылардың көпшілігі жергілікті тұрғындар. Бұл кезеңде өндірістік қуаты айына екі мың тонна дайын өнімді құрайды, кейіннен үш мың тоннаға дейін ұлғайтылады.