Ақмола облысында жаңа шектеулер енгізілді

0
2 232

​Жұмыс күндері сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлеріне сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.


Ақмола облысында жаңа шектеулер енгізілді

ERNUR.KZ. Ақмола облысының бас санитар дәрігері өңір аумағында карантин шараларын күшейтетін жаңа қаулыға қол қойды, деп жазады sputnik.kz.

Жарияланған құжатқа сәйкес, облыста сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынды.

Сонымен қатар, жұмыс күндері олардың жұмысы сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін шектеледі. Бұл ауданы екі мың шаршы метрден асатын барлық сауда үйіне қатысты.

Сауда орталығында орналасқан азық-түлік бөлімдері, дәріханалар, химиялық тазалау және сұлулық салондары жұмысын жалғастыра береді.

Балалардың ойын алаңдары мен аттракциондардың қызметіне тыйым салынады. Бас санитар дәрігер сауда орталықтарындағы тамақтану орындарына сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берді. Алайда олар тамақты алып кету негізінде ғана қызмет көрсете алады.

Қаулыға сәйкес, облыс аумағында тұрақты және туристік бағыттағы облысаралық және қалааралық автобустар жүреді.

Еске сала кетейік, шектеу шаралары Нұр-Сұлтанда да күшейтілді. Мұндағы сауда орталықтары да демалыс күндері жабық болады.

Сонымен қатар, мейрамханалар мен кафелер жұмыс және демалыс күндері сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Бұған дейін қоғамдық тамақтандыру орындары 22.00-ге дейін жұмыс істейтін.