Ақмола облысындағы мектептерде сотталған адамдар жұмыс істеген

0
521

Ауылдағы мектептің жертөлесінде жауынгерлік қарумен оқу атыстары жүргізілген.


Ақмола облысындағы мектептерде сотталған адамдар жұмыс істеген

ERNUR.KZ. Ақмола облысының прокуратурасы өңірдегі мектептерге кешенді тексеріс жүргізіп жатыр. Тексеріс басталғаннан бері санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, қауіпсіздік, құрылыс және басқа да салаларда 200-ден астам заңбұзушылық анықталды, деп жазады sputnik.kz.

Облыс прокуратурасының ақпаратынша, мектептерге денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапқа тартылған тұлғалар жұмысқа орналастырылған.
Ауыл мектептерінің бірінің жертөлесінде оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жауынгерлік қарумен оқу атыстары жүргізілген.
Жоғары сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларына буллинг жасағаны анықталды, оны бастаған балалар есепке алынды.
Бұдан бөлек 40 мектепте мұғалімдер біліктілік талаптарына сәйкес келмеген.
Бірнеше мектепте жалған қызметкерлерге жалақы төленіп келген. Мысалы, қалалық мектептердің біріне директор орынбасарының туысы ресми түрде жұмысқа тұрғызылған, бірақ ай сайынғы еңбекақыны директордың орынбасары өзі алып отырған.
"Бүгінгі таңда білім беру саласында қадағалау актілері бойынша 41 тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жымқыру, құжаттарды қолдан жасау және басқа да фактілер бойынша 19 сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді облыс прокуратурасындағылар.

Тексеріс жалғасуда.