Ақпарат және қоғамдық даму министрі елде журналистер қудаланбайтынын айтты

0
449

“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.


Ақпарат және қоғамдық даму министрі елде журналистер қудаланбайтынын айтты

ERNUR.KZ. 18 наурызда журналистердің сұрақтарына жауап берген ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров елде журналистер қудаланбайтынын және оларға "шетел агенті" деген лақап ат таңылмайтынын жеткізді, деп жазады azattyq.org.

"Бізде журналистер мен БАҚ қудалауға ұшырамайды деп ойлаймын" деді шеттен қаржыландырылатын ақпарат құралдары туралы сұрақтарға жауап берген министр.

Көрші Ресейдегідей жекелеген ақпарат құралдарына "шетел агенті" деген лақап ат таңылмай ма деген сұраққа министр "біздің жолымыз бөлек" деді.

"Біздің жолымыз – ақпарат құралдарын тиімді дамыту, бәсекеге қабілетті ету және оларға оқырман сұранысын арттыру" деді ол.

Омаров сонымен бірге отандық БАҚ контентіне қарай отырып, елде "баспасөз еркіндігі бар" деп тұжырым жасауға болатынын айтты.

Ал тәуелсіз баспасөз қорғау ұйымдарының айтуынша, Қазақстанда журналистер жиі қысымға ұшырап, кәсіби қызметін атқару кезінде кедергіге тап болады. Қаңтар оқиғасы кезінде елде бірқатар жаңалықтар сайты ашылмай қалды. Журналистер кәсіби қызметін атқару кезінде ұсталып, кейбірінің үстінен іс қозғалып, тергелді.

“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.