Ақтауда суға кеткен төрт оқушының жағдайы белгілі болды

0
510

Жасөспірімдер Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.


Ақтауда суға кеткен төрт оқушының жағдайы белгілі болды

ERNUR.KZ. Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында Ақтаудан 63 шақырым жерде теңізге батып жатқан жерінен құтқарылған төрт оқушы ем алып жатыр. Олардың біреуінің жағдайы ауыр деп бағаланды. Науқас реанимацияда ем қабылдап жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

"Төрт жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Науқастардың бірі реанимацияда. Жағдай әлі де ауыр болып тұр. Қалғандары бөлімшеде, олар ем алуда", - деп түсіндірді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Сәния Тарбахова.

Естеріңізге сала кетейік, оқушылармен болған оқиға 18 маусым күні Ақтаудан 63 шақырым жердегі "Көгілдір айлақ" жағажайында болған. Куәгерлер бес жасөспірімнің теңізге батып бара жатқанын хабарлады. Нәтижесінде 2007 жылы туған жасөспірімдердің бірі ауруханаға бара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Төрт қыз ауруханаға түсті.

Кейін оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды. Қайғылы оқиғаға қатысушылар Мұнайлы ауданындағы мектептердің бірінің оқушылары. 24 адамнан тұратын топ сынып жетекшісімен бірге оқу жылының аяқталуын тойлау үшін жағажайға автобуспен барған. Алайда табиғатта уақыт өткізу идеясы қайғылы жағдайға ұласты.