Ақтөбе әкімінің бұрынғы орынбасары сотта ақталып шықты

0
436

Оған 90 миллион теңгеден аса қаржы жымқырды деген айып тағылған.


Ақтөбе әкімінің бұрынғы орынбасары сотта ақталып шықты

ERNUR.KZ. Ақтөбеде қала әкімінің бұрынғы орынбасары Жангелді Әубәкіров сотта ақталып шықты. Оған 90 миллион теңгеден аса қаржы жымқырды деген айып тағылған, деп жазады tengrinews.kz.

Басылым мәліметінше, бұл қылмыстық іс Ақтөбе облысында резонанс тудырған істердің бірі болған. Тергеу барысындағы мәлімет бойынша, Әубәкіров, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов және "Табыс Ақтөбе" ЖШС-нің тағы үш қызметкерінің бюджеттен 90 миллион теңге жымқыруға қатысы болған. Бұл ақшаға қаланы Жаңа жылға безендіру керек болған, бірақ жаңажылдық безендіру демеуші ақшасы есебінен жасалған. Сол тергеу деректері бойынша, ұрланған 90 миллион теңгеге Әубәкіров "Лексус" көлігін, кеңсеге былғары орындық сатып алып, қалған ақшаны бес айыпталушы өзара бөлісіп алған.

Сотталушылар тағылған айыпты мойындамады. Серіктестіктің айыпталушы есепшісі таксимен Алматыға жаңажылдық әшекейлер сатып алуға барғанын айтты. Заттарды көтерме базардан сатып алғандықтан, түбіртегі болмаған. Тауар Ақтөбеге екі ауыр жүк көлігімен әкелінген, бірақ ол көліктердің мемлекеттік нөмірі мен жүргізушілері есінде жоқ. Қаржыгер "Лексус" көлігі салықты оңтайландыру үшін сатып алынғанын атап өтті. Әубәкіров көлік пен құрылыс материалдарын сатып алмағанын алға тартты, ал былғары орындық оған уақытша пайдалануға берілген. Сондай-ақ, ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне "КДС-Астана" серіктестігімен қаланы безендіру жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасасуды тапсырмаған.

Былтыр жазда Әубәкіров пен Досов 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ қазір апелляциялық сотта бап қайта сараланды. Нәтижесінде бас бостандығынан айыру түріндегі жаза шектеуге ауыстырылып, бәрі босатылған. Іс Жоғарғы Сотқа дейін жеткен. Кассациялық инстанция іс бойынша Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормалары бұзылғанын анықтап, облыстық соттың айыптау үкімі мен қаулысының күшін жойды. Ал әкімнің бұрынғы орынбасарының қылмыстық ісі Ақтөбедегі облыстық сот алқасының (апелляциялық инстанция) қарауына қайта жіберілген.

Алқа судьялары іс бойынша барлық айыпталушы, куәгер, жәбірленушіден қайтадан жауап алған. Оған Ақтөбенің бұрынғы әкімі Мавр Абдуллин шақырылған. Сотта ол Әубәкіров пен Досовқа қаланы безендіруге қаражат табуды өзі тапсырғанын, бюджет қаржысы неге жұмсалғанынан хабардар болғанын айтты.

Облыстық соттың апелляциялық инстанциясы судьялары қаланы безендіру жұмыстары толық көлемде аяқталғанын және сотталушылардың өз пайдасы бар екені дәлелденбегенін анықтады. Ал айыптаушы тарап Жоғарғы Сотта айыптау үкімі жойылғаннан кейін іс бойынша жаңа дәлелдер келтірмей, Әубәкіров пен басқа да сотталушылар бюджет қаржысын жымқырды деген айыпты алға тартқан.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталушылар қылмыс жасамағанын анықтап, бесеуіне де кінәлі емес деген үкім шығарды. Енді олар заңсыз жауапқа тартылғаны, тіпті ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылғаны үшін мемлекеттен өтемақы талап етуге құқылы.

Әкімнің бұрынғы орынбасары кабинетіндегі былғары орындық пен "Лексус" көлігі сот үкімі бойынша "КДС-Астана" ЖШС компаниясына қайтарылатыны атап өтілді. Ол ЖСШ ақшасына сатып алынған.