Ақтөбе облысында алдын ала есеп бойынша су тасқынынан 51 млрд теңге шығын келді

0
254

Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарында жергілікті маңызға ие төтенше жағдай жарияланып тұр.


Ақтөбе облысында алдын ала есеп бойынша су тасқынынан 51 млрд теңге шығын келді

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында су тасқынынан келген шығын шамамен 51 млрд теңге болады. Шығын көлемі әлі де өзгеруі мүмкін. Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс 12-ші сессиясында қаржыны қайдан алып, қалай жұмсалатыны туралы айтылды, деп жазады inform.kz.

Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарында жергілікті маңызға ие төтенше жағдай жарияланып тұр. Қазіргі кезде комиссия жұмыс істеп, тасқын шығынын есептеп жатыр. Өңірде үйлер құлады, жолдарды су шайды, көпір жарамсыз күйге түсті, әлеуметтік нысандарға су кіріп, бүлінді. Болжам бойынша шығын көлемі 51 млрд теңгеден асады.

- Қажетті қаржы көлемі 51 млрд теңгеден астады. Оның ішінде 529 тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға 22 млрд теңге, өтемақы төлеу түріндегі залалды өтеуге 6,6 млрд теңге, облыстық және аудандық маңызы бар 25 жол учаскесін және 12 көпірді салу және жөндеуге 10,2 млрд теңге, су кірген әлеуметтік нысандарды жөндеуге 7,5 млрд теңге, мал шығыны үшін өтемақы төлеуге 2,2 млрд теңге қажет. Қазіргі таңда Қаржы министрлігімен су тасқынының салдарын жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бекітілген жоспарға сәйкес бюджеттік бағдарлама әкімшілері салалық министріліктермен бірге жұмыс істеп жатыр,- деді Ақтөбе облыстық Қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев.

Оның айтуынша, 51 млрд теңгенің 40 млрд теңгесін республикалық бюджеттен бөлуге ұсыныс енгізілді. Сөйтіп бұл қаржыға үй салу, инфрақұрылым жүргізу, жол мен көпір құрылысы, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмысы атқарылмақ. Республикалық бюджет есебінен тасқын кезінде зардап шеккен 2 мектеп, 1 балабақша, 2 денсаулық сақтау мекемесі және 3 мәдениет нысанын жөндеуге 4,6 млрд теңге сұралады. Ал қалған 10 млрд теңге облыстық бюджет резервінен қарастырылады. Шамамен 916 отбасына төленетін өтемақыға 3,6 млрд теңге, 15 әлеуметтік нысанның ғимараттарын жөндеуге 7,5 млрд теңге деп есептелген.

- Ақтөбеде 1,5 мыңнан астам тұрғын үй мен саяжайдағы үйге зақым келді. Әзірге оның 529-ы жарамсыз. Қазір типтік жоба әзірленіп жатыр. Оны республикалық бюджет есебінен өтеу көзделіп отыр. Шамамен 22 млрд теңге бөлінеді. Бұл алдын ала болжам ғана,- деді Ақтөбе облыстық Қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев.