Ақтөбеде сәбилер еңбектеп жарысты

0
450

І-орынға 100 мың теңге, ІІ-орынға 80 мың теңге, ал ІІІ-орынға 50 мың теңге берілді.


Ақтөбеде сәбилер еңбектеп жарысты

ERNUR.KZ. Ақтөбе қаласында 6-18 айлық балалар еңбектеп жарысты. Сонымен бірге 3-5 жастағы балалар үш доңғалақты велосипед жүргізіп, өзара жылдамын анықтады, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін мерекеге орай Ақтөбе облысында бірнеше іс-шара өтті. Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткен еңбектеу жарысына барлығы 50 ата-анадан өтініш түсірген. Олардың бәрі де алдын-ала дайындалап, балаларының жылдам қимылдауы үшін түрлі айла-тәсіл қолданды.

«Тұңғышымды еңбектеу жарысына әкелдім. Ибраһим 9 айлық болса да өте ширақ. Бассейнге барады. Мұндай іс-шара өте қызықты әрі қиын. Балам алғашқылардың бірі болып келді», - деді қала тұрғыны Айдана Әлібекқызы.

І-орынға 100 мың теңге, ІІ-орынға 80 мың теңге, ал ІІІ-орынға 50 мың теңге берілді.

Сонымен бірге облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының халқын Балаларды қорғау күнімен құттықтады.

«Бұл ең мейірімді және ең жарқын сезімдерді тудыратын тамаша мереке. Балалар – біздің маңызды құндылығымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жыл біздің елде балалар жылы болып жарияланған болатын. Бүкіл жыл балалық шақты қолдауға, жас ұрпағымыздың ұлттық құндылықтар негізінде сапалы білім мен жақсы тәрбие алуына, сапалы медицинаға, озық технологияларға қол жеткізуіне, өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктерге жағдай жасауға және одан әрі дамытуға арналады»,- деді Оңдасын Оразалин құттықтау сөзінде.

Бүгінде Ақтөбе облысында жасы 18-ге дейінгі 256 мыңға жуық бала бар. Облыс әкімі балалардың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беру – бірінші кезектегі міндет екенін атап өтті. Айта кетейік, биыл шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 11 жаңа мектеп пен 26 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, 56 мектеп жөнделеді. Ал 73 мектепте 143 пәндік кабинет жасақталады. Бұдан бөлек, балаларды тасымалдау үшін 32 жаңа автобус сатып алынады.

«Мемлекеттің назары мен қолдауы, үлкендердің, әсіресе ата-аналардың тәрбиеге жауапкершілікпен қарауы балаларымыздың ақылды да саналы, еліміздің нағыз патриоты болып қалыптасуына жол ашатынына сенімдімін»,- деді Оңдасын Оразалин.