Ақтөбеде тағы екі ауылдан мал ауруы анықталды

0
1 586

Бұған дейін Ақтөбеде ірі қарадан инфекциялық ринотрахеит ауруы анықталып, 22 қарашада Алға ауданы, Бестамақ ауылында шектеу шарасы енгізілген еді.


Ақтөбеде тағы екі ауылдан мал ауруы анықталды

ERNUR.KZ. Ақтөбенің Хромтау ауданы, Қопа және Тамды ауылдарында малдан ауру шықты. Қазіргі кезде сынамалар зертханаға жіберілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұған дейін Ақтөбеде ірі қарадан инфекциялық ринотрахеит ауруы анықталып, 22 қарашада Алға ауданы, Бестамақ ауылында шектеу шарасы енгізілген еді.

Бүгінде Хромтау ауданының Қопа және Тамды ауылдарында ірі қарадан аурудың тіркелгені туралы ақпарат тексеріліп жатыр.

«Жануарлардан ауыз қуысынан сілекей ағу мен ақсау сияқты клиникалық белгілер байқалған. Мал иелері ветеринарлық дәрігерлерді күтпей, дүрбелең тудырған. Басқа адамдардың кеңесіне құлақ асып, өздері диагноз қойып, вирусқа қарсы препараттарды сатып алып, малын емдеген.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына қан мен сілекей сынамаларын жіберу үшін облыстық Ветеринария басқармасының және ветеринариялық станцияның мамандары ауылға барды. Сондай-ақ ветеринариялық зертхананың нәтижелері шыққанға дейін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жануарларға ауыз қуысын өңдеуді қалай жүргізу керегі көрсетіледі», - деді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Оның айтуынша, Хромтаудағы мал ауруы Алға ауданындағы оқиғаға ұқсас. Бұған дейін оларға инфекциялық ринотрахеит диагнозы қойылған болатын.