Ақтөбеде такси жүргізушісін өлтіріп, көлігін айдап кеткен күдіктілер ұсталды

0
524

Күдіктілер ұрланған көлікпен жол апатын жасаған.


Ақтөбеде такси жүргізушісін өлтіріп, көлігін айдап кеткен күдіктілер ұсталды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде адам өлтіріп, такси жүргізушісінің көлігін айдап кетті деген күдікке іліккендер ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Полицияға «Hyundai» автокөлігінің жүргізушісі ара қашықты сақтамай, алда келе жатқан жеңіл көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарлама түсті.

«Бейнекамералардың көмегімен аталған көліктің орналасқан жері анықталды. Патрульдік экипаждың бірі көлікті тауып, жүргізушіден көлікті тоқтатуды талап етті. Бірақ олар бұйрыққа бағынбай, қаша бастады. Жолдың қарсы бағытына шығып, «Toyota Land Cruiser-200″ автокөлігімен соқтығысты», – деді Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Атабаев.

Екеуі де мас күйінде көлікке отырған. Бірі 19, екіншісі 37 жаста.

Көліктің басқа адамға тиесілі екені анықталды. Сол себепті полицейлер ұсталғандарды тергей бастады. Көлікті тексеру кезінде руль мен төсеніштерден қоңыр түсті дақ анықталып, күдік тудырды.

Артқы орындықтың жамылғысында да дақ болды. Кейін полиция қызметкерлері салоннан қан жұққан пышақ тапты. Тергеу кезінде ұсталғандардың бірі бірнеше сағат бұрын жүргізушіні өлтіріп, көлікті ұрлап кеткенін мойындаған.

ҚР Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» және «Қарақшылық» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыс жасады деген күдікке іліккен екі адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.