Ақтөбеде жергілікті тұрғын алаяқ көріпкелге 400 мың теңге берген

0
1 639

Күдікті әйел қазір тергеліп жатыр.


Ақтөбеде жергілікті тұрғын алаяқ көріпкелге 400 мың теңге берген

ERNUR.KZ. Ақтөбеде дуаны кетіремін деген алаяқ жергілікті тұрғыннан 400 мың теңге алған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бірнеше рет алаяқтық қылмыс жасады деген күдікпен 35 жастағы әйелді ұстады. 30 қараша күні күдікті сұлулық салонына келіп, өзін бақсы-балгер ретінде жарнамалап, осында жұмыс істейтін әйелге дуаны кетіретінін айтқан.

Полицейлердің хабарлауынша, бөтеннің мүлкін иелену үшін алаяқ келіншек әр түрлі айла-әрекет жасаған. 40 жастағы жергілікті тұрғынды алдап, оның үйінде дуа бар екенін айтқан. «Көріпкел» барлық қиындықты жою үшін белгілі бір рәсімді орындау керегін айтып, ол үшін ақша сұраған. Нәтижесінде жәбірленуші күдіктіге сол қызметі үшін 400 мың теңгеден аса ақша берген.

Көп ұзамай қылмыс құрбаны алданғанын сезіп, полицияға жүгінген. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.