Ақтөбедегі түрмеге саусақ ізімен арыз қабылдайтын терминал орнатылды

0
2 430

Арыз-шағым үш күнде қаралып, жауап беріледі.


Ақтөбедегі түрмеге саусақ ізімен арыз қабылдайтын терминал орнатылды

ERNUR.KZ. Ақтөбедегі КА-168/1 түзету мекемесіне саусақ ізімен арыз қабылдайтын терминал орнатылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе облыстық қылмыстық- атқару жүйесі департаментіне қарасты КА-168/1 мекемесіне терминал орнатылды. Сотталғандар саусақ ізімен шағым немесе өтініш бере алады. Ал арыз-шағым үш күнде қаралып, жауап беріледі.

«Сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған бұл жұмыс өз нәтижесін береді деп есептейміз. Сотталғандардың шағымы терминал арқылы автоматты түрде прокурорға және қылмыстық қудалау органдарына жолданады. Азаптау туралы шағым сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне жолданса, қызмет өкілеттіктерін асыра пайдалануға қатысты шағым полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік бөлімшесіне жіберіледі. Шағым немесе өтініш түсірген сотталғанның жеке басын анықтау саусақ іздері арқылы іске асырылады. Бұған қоса, шағымды қарау және шешім қабылдау процесін онлайн бақылауға мүмкіндік бар»,- дейді Ақтөбе облысы прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау тобының жетекшісі, облыс прокурорының аға көмекшісі Нұрдәулет Сұлтанов.

Бүгін мекемедегі барлық сотталғанға терминалды қолдау тәртібі түсіндірілді

«Сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық, медициналық және психологиялық тұрғыда көмектер көрсетіліп тұрады. Сонымен қатар, сотталғандардың туыстарымен жеке мәселелер бойынша қабылдау жүргізіледі және мекемелердегі сенім телефоны арқылы сотталғандардың туыстары тәулік бойы өтініштерін білдіре алады»,- дейді КА-168/1 мекемесі бастығының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Сабржан Нұртазин.