Ақтөбеге ителгі аулауға келген Сирия азаматтары ұсталды

0
1 198

Ителгі Қызыл кітапқа енген құс.


Ақтөбеге ителгі аулауға келген Сирия азаматтары ұсталды

ERNUR.KZ. Сирия азаматтары Ақтөбенің Байғанин ауданынан ұсталды. Олар Қазақстанға ителгі аулауға келген, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысында үш автокөлік ішінен елу дана көгершін табылды. Оқиға 30 тамыз күні сағат 23:00-де тіркелді. Байғанин ауданының Жаңажол ауылдық округі, Доңызтау маңында «Охотзоопром» РМКК инспекторлары «Монтера спорт», «Митсубиси Поджера» және «Тайота Ланд Крузер» көлігінің жолаушылары мен жүргізушісін аудандық ішкі істер бөліміне жеткізді.

«Тексеру жұмыстары кезінде біреуі қазақстандық екені анықталды. Ал өзге бесеуі - Сирия азаматтары. Ұсталғандардың айтуынша, олар бірнеше күн бұрын Алматы қаласына келіп, Ақтөбеге бағыт алған. Көгершіндерді Арал маңындағы ауыл тұрғындарынан алған, оны азық үшін пайдаланған. Қазақстанға ителгі мекендейтін жерді іздеуге келген», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Осы іс бойынша Әкімшілік құқық бұзу кодексі бойынша шара қолданылды. Қазақстан және Сирия азаматының әрқайсысына 25 мың теңге айыппұл салынды. Екі Сирия азаматы Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жазаланды. Біреуі ескерту алса, екіншісі 15 тәулікке қамалды. Ал көгершіндер бостандыққа жіберілді.


Айта кетейік, ителгі Қызыл кітапқа енген. Оны аулауға болмайды