Ақтөбелік шаруалар аштық жарияламақ

0
686


Ақтөбелік шаруалар аштық жарияламақ

ERNUR.KZ. Мал шаруашылығын кәсіп еткен ақтөбелік шаруалар Татарстан компаниясына алданып қалған. Кәсіпкерлер алаңға жиналып, жауапты министрліктен көмек сұрады, деп хабарлайды Астана арнасы.

Айтуларынша екі жыл бұрын, асыл тұқымды ірі қара алмақ болып миллиондаған ақшаны шетелдіктерге аударып жіберген. Бірақ әлі күнге дейін малға да, ақшаға да қол жеткізе алмай келеді. Мына кадрдағы кәсіпкер Қайрат Жакешов. Ол кешеден бері нәр татпаған. Отадан шыққанын айтқан шаруа қазір үйінде отырып осындай бейнеүндеу жолдапты. Ал басқа кәсіпкерлер оны қолдап, алаңға шықты. Нұрлан Әлімбетов «Сыбаға» бағдарламасымен асыл тұқымды мал алу үшін 58 миллион теңге несие алған. Сол ақшасын Татарстанның «Комагро» компаниясына аударып, оңбай алдандым дейді.


"Татарстанға ақшамызды аударғанбыз алаяқ енді ақша жоқ, не мал жоқ. Осы күнге шейін. Нац банк малды әкелмеген үшін 4,5 млн бізді штрафтады. Енді шоттардың барлығы арестте. Ешқандай жұмыс жасай алмай отырмыз. Қалай төлейміз", - дейді кәсіпкер Нұрлан Әлімбетов.


Жалпы, аймақта дәл осылай опық жеген 5 шаруа қожалығы бар. Сол кезде нодулярлы дерматит ауруынан қорыққаннан шенділер, елге тек жақын шетелден мал әкелуге рұқсат берген. Әрі бұл компанияны министрлік таңдап беріпті.


"Біздің фермерлердің қазір түгі жоқ. Несін береді. Өйткені ол кезде барлық елдер жабық болды. Белгілі бір схемамен әрекет етіп, осы операторды өздері таңдап берді. Ақыр аяғы енді шаруалар зардап шегіп отыр", - деді "Ақтөбе" фермерлер қауымдастығының жауапты хатшысы Александар Мандрыкин.


"Біздің 771 млн теңгеміз Татарстанның «Камагро» компаниясына кетті. Бізде не малсыз не ақшасыз қалдық. Біздерде аштық жариялаудан басқа амалымыз жоқ", - деді кәсіпкер Руслан Сүйіншалин.

Шенділер бұл мәселеден хабардар. Қазір Татарстан компаниясына қатысты алаяқтық бабымен биыл қаңтарда іс қозғалған. Ал, шаруалардың несие шарттарын қайта қарап, жеңілдіктер жасап жатқандарын айтты.


"1-шілдеге дейін үстемақыны тоқтатқанбыз, яғни процент төлеп жатқан жоқ, несиеге. Ары қарай бұл мәселені шешу үшін сотқа беріп, соттың шешімімен мүлдем пайызын тоқтатып әрі қарай қаражатты қайтаруды 2024-ші жылға дейін созамыз деп ойлап отырмыз. Ол уақытқа дейін КамАгроның мәселесі шешілу керек", - деп отыр Ауыл шаруашылығын қаржылай өолдау қорының басқарма төрағасы Жандар Омаров.


Министрліктің дерегінше аталған татарстандық компанияға республика бойынша 16 шаруа қожалығы ақша аударған. Шамамен 1300-ге жуық асыл тұқымды ірі қара келуі тиіс еді. Оның жартысы келген, бірақ келген малдың өзі асыл тұқымды болмай шыққан.