«Ақжайық» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

0
997

Бас бапкерлік міндеті биыл да С.Зайцевке жүктелгенімен, ол сенімді ақтай алмады.


«Ақжайық» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

ERNUR.KZ. «Ақжайықтың» бас бапкері, украиналық маман Сергей Зайцев қызметінен кетті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бас бапкер міндетін уақытша оралдық маман Артур Авакянц атқаратын болады.

С.Зайцев оралдық клубқа өткен жылғы шілдеде келген еді. Алайда ол жаттықтырған «Ақжайық» өткен маусым қорытындысында премьер-лигада ең соңғы орынға ие болып, бірінші лигаға түсіп қалды.

Бас бапкерлік міндеті биыл да С.Зайцевке жүктелгенімен, ол сенімді ақтай алмады. Ең алдымен оралдық команда Қазақстан кубогы жолындағы матчтарда сүрініп, іріктеу кезеңінен өте алмады.

Премьер-лигаға қайта оралуды мақсат еткен «Ақжайықтың» биылғы біріншіліктегі бастапқы екі ойыны да көңіл көншітерліктей емес. Алдымен елордада «Астана М» командасымен 1:1 есебімен тең ойнады. Содан кейін Талдықорғанда «Жетісу Б» командасына 2:3 есебімен есе жіберді.

Бірінші лиганың үшінші турында оралдықтар 21 сәуір күні Ақсай қаласында «Қарашығанақ» спорт кешені алаңында «Ақтөбе-Жас» командасын қабылдайды. Еске сала кетейік, өткен жылы «Ақжайыққа» жаңа бапкер келгенін жазған болатынбыз.