​Алдағы аптада қалаларда көкөніс пен жеміс-жидек болмайды

0
949

Еліміздің түкпір-түкпірінде тауармен қамтамасыз ететін көлік жүргізушілері шеруге шықты.


​Алдағы аптада қалаларда көкөніс пен жеміс-жидек болмайды

иллюстрациялық фото

Тұрғындар алдағы тәулікте көкөніс пен жеміс-жидектен таршылық көруі мүмкін. Себебі,еліміздің түкпір-түкпірінде тауармен қамтамасыз ететін көлік жүргізушілері шеруге шықты. Апталап, тіпті айлап рейсте жүретін азаматтар ақылы жолдарда ешқандай жағдай жасалмағанына наразы, деп хабарлайды ERNUR.KZ «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.
Әр шақырымына қып-қызыл ақша төлейтіндер, тақтайдай тегіс болуы тиіс трассалар талапқа сай келмейтіндігін, көліктері бұзылып апталап жолда қалып жатқанын айтады.
Демалыс күндері Шымкенттің шыға берісінде 100-ге жуық азамат бас қосып, ақылы жолдарға деген шағымын жеткізді.
"Алматыға дейін 26 мың теңгені "Қазавтожол" өкілдеріне санап беріп, жолдың сапасыздығынан діттеген жерге жеткенше көлігіміз бірнеше рет бұзылады", дейді көлік жүргізушлері.
"Мына біздің жолдарымыз Россияның жолдарына мүлде жетпейді. Платный жол деген как положено жолдың шетінің барлығы қоршалу керек. Жол деген тегіс болу керек. Соған төлеуге болады. Сен қазір мына Темірланның мостының үстінен өтем дегенше машинаң шашылып қалады. Запчастьтарыңның жартысын жинап аласың", - дейді көлік жүргізушісі ОРЫНБАСАР МЫРЗАЕВ.
"Билікте отырған мырзалар Сіздерден өтініш, жолды идеальный қылып істеңіздер. Сосын платный болса платный. Ал, оған дейін условие болмай как положено бесплатно жүрейік. Өйткені, біз шоферлар қарсымыз. Былайша айтқанда сіздерді қамтамасыз етіп отырған осы жігіттер, шоферлар. Қазір бір аптаға тоқтайтын болса барлығыңыз аш қаласыздар", - дейді көлік жүргізушісі.
Семейлік жүргізушілер де трассалардағы төлемнің жойылғанын талап етеді. Оған себеп жетерлік. Біріншеден, наразы жұрттың сөзінше ақылы бөліктер заманауи инфрақұрылымнан жұрдай екен. Өйткені, жол бойында жүргізушілер демалатын қонақ үйлер атымен жоқ. Көлік бұзыла қалған жағдайда жөндететін орын да қарастырылмаған. Көлік тізгіндегендер бір рейске жанымызды шүберекке түйіп барып келеміз, дейді.
"Мысалы, Семейден шығасыз Алматыға дейін 2,5-3 сутка жүресіз. Жолдың барлығы гравейка, жолдың барлығы износ. Алматыға барғанда 2-3 дөңгелек атып барасың. Бір дөңгелегің 130-140 мың теңге тұрады. Ешқандай жол жоқ. Условия жоқ. Не үшін төлейміз біз сонда ақшаны? Кемпинг жоқ демалатын. Мысалы 2-3 жыл бұрын бір жағдай болды. Алматыдан 3-4 млн теңгеге тиеліп шыққан жігіттердің машиналары тоналып жатты. Өйткені, кемпинг жоқ", - дейді көлік жүргізушісі МҰРАТ МҰҚАЛИЕВ.
Еліміздің бірнеше аймағында бүгінде мыңға жуық адам наразылық шарасына қатысып жатыр. Қазір Ақтөбе, Семей, Шымкент қалаларында жүк көліктері жол бойында қаңтарылып тұр. Ал, жүргізушілер өздерінің талаптары орындалмайынша рейске шығудан бас тартуда. Айта кетейін, ауыр жүк көліктері ақылы жолдың әр шақырымына 37 теңге төлейді екен.
Ал, Қазавтожол өкілдерінің ұпайы түгел. Биліктен соқыр тиын да алмаймыз деген компания басшылары елімізде жыл соңына дейін тағы 5800 шақырым жолды ақылы етпек. Бұл аймақ барлық талапқа сай келеді-мыс. Десе де жүк көлігі жүргізушілерінің шағымын қарастырамыз деп уәде берді.
"Ақылы жолдарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Барлық түскен қаражат сол жолды күтіп ұстау жұмыстарына жұмсалады. Енді, қазіргі жолдарда қазір біздің жоспарымызда бар. Соның барлығы теплый туалет дейміз, СГУ дейміз план бойынша жолдың бойына салу жоспарланған", дейді "Қазавтожол" ҰК АҚ Ббасқармасы төрағасының орынбасары ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ.
Айта кетейін, еліміздегі Щучье, Теміртау, Қорғас, Қапшағай ақылы жол бөліктерінен жыл сайын орта есеппен 5,2 млрд теңге пайда түседі екен. Жауаптылар бұл қаржының барлығын трассаларды күтіп-ұстауға жұмсаймыз деп отыр. Ал, көлік жүргізушілерінің талаптары қаншалықты орындалатыны белгісіз. Бір анығы қазір компания өкілдері шағымданған топтың белсенділерімен келіссөз жүргізіп жатыр екен.