Алдағы жылдары Қазақстанда 500-ден астам ауыл жойылуы мүмкін

0
2 874

Ауыл халқы 7,6-дан 7,5 млн адамға дейін азайды.


Алдағы жылдары Қазақстанда 500-ден астам ауыл жойылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Соңғы 10 жылда елімізде ауыл халқы мен ауылдық елдімекендер санының азаю үрдісі байқалып отыр. Мәселен, 2012-2022 жылдар аралығында еліміздің ауыл халқы 7,6-дан 7,5 млн адамға дейін азайды, ал ауылдар саны 6,9-дан 6,3 мың бірлікке дейін қысқарды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, жойылған ауылдардың ең көп саны елімізддің солтүстік аймақтарына тиесілі (269 ауыл жойылды). Оңтүстік өңірлерде ауылдар саны 119-ға, батыс өңірлерде 118-ге, орталық-шығыс өңірлерде 103-ке қысқарған.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңына сәйкес тұрақты халық саны кемінде 50 адам болатын аумақ елдімекен болып саналады. Бұл 50 адамнан аз халқы бар елдімекендер ауыл мәртебесін жоғалтады және ресми есептен шығарылады дегенді білдіреді. Алдағы жылдары елде 500-ден астам халық саны аз ауыл жойылуы мүмкін», - деп атап өтті Өмір сапасы орталығы директорының орынбасары Айтжан Мейрембаев.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 50 адамнан аз халқы бар 549 ауыл тіркелген. Оларда 14 мыңнан астам адам тұрады.

Өңірлер бөлінісінде шағын ауылдардың ең көп саны Солтүстік Қазақстан (128 бірлік), Ақмола (56) және Батыс Қазақстан (49) облыстарында байқалады. Мұндай ауылдардың ең азы Атырау (9 бірлік), Жамбыл (4) және Маңғыстау (3) облыстарында орналасқан.

«Ауыл тұрғындары көші-қонының негізгі факторы қарапайым өмір сүру жағдайлары болып табылады. Адамдар тұруға қолайлы өмір үшін ауылдардан кетеді. Тек 2022 жылы ауылдық жерлерден 326 мыңға жуық адам көшіп кетті. Бұл ретте ауылдан көші-қонның негізгі ағымы қалаларға бағытталған», - дейді Айтжан Мейрембаев.

Ауылдарда көп жағдайда су, қажетті инфрақұрылым, демалыс орындары, даму және жұмыс мүмкіндіктері болмайды. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 1,4 мың ауылдың тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізе алмайды. Ал 6,3 мың ауылдың тек 27,1%-і (1,7 мың ауыл) орталықтандырылған газбен жабдықтауға қосылған.

А. Мейрембаев келтірген мәліметтерге сүйенсек, білім беру және медициналық қызмет көрсетумен байланысты проблемалар бар. Ауылдық жерлерде 2,7 мың шағын жинақталған мектеп бар. Көптеген ауылда медициналық нысандар жоқ, ал 2,3 мың ауылдық елдімекендерде құрылыс мерзімі 40 жылдан астам салынған нысандар бар. Ауыл тұрғындары көбінесе өз жеке шаруашылықтарында жұмыс істейді немесе олардың әл-ауқатына әсер ететін жалақысы төмен жұмыстарда жұмыс істейді. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар ауыл халқының үлесі 7,3% -ті құрайды. Салыстырcақ, қалаларда бұл көрсеткіш 2 есе аз – 4%.

Ауыл шаруашылығын жаңғырту да ауыл тұрғындарының көші-қонына өз әсерін тигізуде. АӨК автоматтандыру және цифрландыру, әдетте, еңбек өнімділігін арттырады. Тиісінше, аграрлық секторға «жұмыс қолы» аз дәрежеде қажет.

«Ауыл тұрғындарының қалаларға кетуінің тағы бір факторы адамдардың санасының өзгеруіне байланысты. Көптеген ауыл тұрғындары балаларына сапалы білім беріп, лайықты болашақты қамтамасыз еткісі келеді. Ал ауыл жастары өзін-өзі жүзеге асыру мақсатында тұру үшін қалаларды таңдайды», - дейді сарапшы.

Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде іске асырылатын шаралар ауылдық көші-қон белсенділігін төмендетуі мүмкін.

Тұжырымдама шеңберінде инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы іске асырылуда. Жобада білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, инженерлік инфрақұрылым, көлік инфрақұрылымы объектілерін салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру көзделеді.

«Ауыл дамуының маңызды бағыты жұмыс орындарын құру және ауыл халқының табысын арттыру болып табылады. Осы мәселені шешу мақсатында Тұжырымдама шеңберінде ауыл тұрғындарына өз бизнесін бастауға көмектесетін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Жоба ауыл тұрғындары үшін 2,5% жеңілдікті несие беруді және кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қарастырады.