Әлемді саусақ ұшымен таныған: Бүгін – зағиптар күні

0
514

Көру қабілеті нашар азаматтар да біздің теңқұқықты, тең дәрежелі қоғамның маңызды бір бөлігі.


Әлемді саусақ ұшымен таныған: Бүгін – зағиптар күні

Әлемнің әрбір елінде мемлекеттік мерекелерден бөлек, қоғамдық маңызы бар даталар да аталып өтіледі. Себебі мұндай мейрамдар бір ғана мемлекеттің емес, күллі әлем халқына ортақ елеулі күн болып саналады. Осындай мерекелердің бірі жыл сайын 13 қарашада жер бетіндегі барлық елде атап өтілетін «Халықаралық зағиптар күні». Бұл датаның шығу тарихына тоқталар болсақ, бұл мереке 1745 жылдың 13 қарашасында Франция елінің астанасы Париж қаласында дүниеге келген Валентин Гаюи есімді азаматтың құрметіне белгіленген. Өйткені, мықты педагогтың бірі болған ол Петербург шаһарында зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған екен.

Тарихи және ғылыми ақпараттарға арқа сүйер болсақ, XVIII ғасырға дейін әлем халқы зағиптарға арналған мекемелерді мүлдем білмеген. Осындай бір кезеңдерде Валентин Гаюи алғаш рет өзі ойлап тапқан қаріп бойынша көз жанарынан айырылғандарды оқытудың әдісін ұсынған. Сөйтіп, 1784 жылы мемлекеттің және қандай да бір қайырымдылық қорларының көмегінсіз-ақ, өз ақшасына және Париж қаласында ғы өз үйінде үйінде зағип балаларға арналған әлемдегі алғашқы мектепті ашқан. Осылайша Валентин Гаюидің тұңғыш оқушысы ретінде Франсуа де Лезюер есімді ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы тәрбиелеген. Содан соң, тағы оншақты баланы мектепке қабылдаған екен.

Сол кезден бастап Валентин Гаюи көзі көрмейтін балаларды оқыту және тәрбиелеуді ғылыми бағыт етіп, бедерлі-ұзындықты «унциал» деп аталатын шрифт ойлап тапқан. Оның ойлап тапқаны - қатты қағазға бедерленіп түсірілетін, өзіндік пішіні бар әріптер. Бұл қаріп жылжымалы болған және балаларға қажетті мәтінді жасап шығаруға мүмкіндік берген екен. Сонымен бірге, зағиптарға арналған оқулық жасақтау идеясы да сол Валентин Гаюиға тиесілі.

Ал, XIX ғасырдың басында Ресей императоры Александр бірінші Валентин Гаюиге Санкт-Петербордан зағиптарға арналған оқыту-тәрбиелеу мекемесін ашу туралы ұсыныс жасайды. Сосын, 1807 жылы І Александр зағиптарға арналған Санкт-Петербор институтының жарғысын, штаты мен бюджетін бекітіп берген екен. Сондықтан осы тарихи жағдайларды ескерген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 13 қарашаны "Халықаралық зағиптар күні" деп белгілеген екен.

Соқырлықтың алдын алу жөніндегі халықаралық ұйымның соңғы ақпараттарына сүйенсек, бүгінгі таңда дүниежүзіндегі 290 миллионға жуық адамның көру қабілеті нашар болып қалған екен. Олардың арасында 39 миллионнан астам адамның көзі мүлдем көрмейтін болса, 20 миллионға жуық жасөспірім түрлі көз ауруына шалдыққан екен. Ал ғалымдар "әлемдегі көзі ауыратын балалар саны 2050 жылға қарай 115 миллионға жетуі мүмкін" деп болжам жасаған. Оған адамдардың өмірінен ойып тұрып орын алған ақпараттық технологияның негізгі себеп болып жатқаны сөзсіз. Ал біздің елімізде өткен жылғы деректерге сәйкес, сексен алты мың зағип бар болса, оның сегіз мыңға жуығы көзі нашар көретін балалар және 320 бүлдіршіннің көзі мүлдем көрмейді екен.

Сондықтан қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында көру қабілеті төмендеген және көзі мүлдем көр­мейтін балаларға арналған оншақты балабақ­ша жұмыс істеп, ол мекемелерде жалпы 800-ден астам бала, білім беретін балабақшалардың арнайы топтарында 450-ге жуық, ал инклюзивті бі­лім беру жағдайы бар балабақшаларда үш мыңға тарта бала тәрбиеленіп келеді. Сонымен бірге за­ғип балаларға арналған оннан астам арнайы мектеп­те бір жарым мыңнан аса және жалпы білім беретін мектептерде екі жүзге жуық бала білім алу үстінде.

Сондай-ақ бүгінгі таңда еліміздегі «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық-ғылыми практикалық орталығы» мүмкіндігі шектеулі балалар­ға арналған оқулық дайындап келе жатыр екен. Нақтырақ айтсақ, бұл орталықтың ғылыми-зерттеу бөлі­мін­де әдістемелік құралдар, оқу бағдар­ла­ма­лары, арнайы оқулықтар, министрлік атқарып жат­қан нормативтік құқықтық актілер бо­йынша жұмыстар әзірленеді. Соның арасында көзі нашар көретін және мүл­дем көрмейтін балаларға арналған оқу­лықтар да бар. Айта кетсек, оқулықтар зағип балаларға Брайль қарпімен, ал нашар көретіндерге үлкейтілген шрифтпен әзірленеді екен.

Мамандардың айтуынша, аталған оқулықтар жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтардың бағдарламасына сәйкестендіріліп дайындалады. Дегенмен, біз айтып отырған орталық кітаптарды басып шығар­умен емес, тек қана құрастырумен айналысады екен. Әзірленген оқулықтарды елордадағы «Оқулық» орталығы қабылдап, министрліктің қарауына ұсынатын көрінеді. Қарау сәтті өтсек, жергілікті атқарушы органдар өздері мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап, оқулықтарды баспалардан сатып алады екен. Осы орайда бұл орталықтың зағип балаларға арналған оқулықтарды 2017 жыл­дан бастап қана дайындап келе жатқанын айта кету керек. Демек, оған дейін елімізде мұндай жұмыс атқарылмаған.


Одан бөлек, биыл ғана Шымкент қаласындағы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада «Мейірімді жүрек» акциясы аясында зағип жандарға арнап аудио кітаптар жазу ісі қолға алынды. Яғни көз жанарымен оқи алмайтын зағип жандар кітаптың толық нұсқасын аудио жазбалар арқылы тыңдайтын болады. Аталған науқанды ұйымдастырудағы мақсат - зағип жандарға қолдау көрсету және де кітапхана жұмыстарын жан-жақты таныту арқылы өзге де көзі көрмейтін және нашар көретін жандарды рухани ортаға тарту, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік жасау.


Атап өтер болсақ, сонау 1969 жылы қабырғасы қаланған арнайы кітапхана 1980 жылы оқырманға ыңғайлы болу үшін тұрғын үйдің бірінші қабатына көшірілген. Қазір жалпы кітап қоры 142 296 болса, оның 73 пайызы арнайы әдебиеттер екен. Мұнда брайль әліпбиінен бастап, түрлі тифлоқұралдар, оқу және жазу құралдары, грифельдер, сынамалар, аудиоплеерлер мен брайль қағаздары және де брайль қарпіндегі кітаптар қоры сақталған. Бұл тұрғыда көрнекті қазақ қарпінің авторы Ақан Қасымовтың еңбегі орасан зор деуге әбден болады. Себебі бұл тұлғаның инклюзивті білім беруді дамытуға және зағиптар үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету саласында атқарған жұмыстары Қазақстандағы мыңдаған зағип студенттердің білім алуына мүмкіндік сыйлап келе жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі – үшінші мегаполистегі бұл кітапхананың оқырмандары қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген соң едәуір көбейген. Себебі сол бір жаңғыртудан кейін үлкен заллда түрлі форматтағы көлемді іс-шаралар ұйымдастырылса, қазақша нүктелі-бедерлі шрифт авторы Ақан Қасымов атындағы және тұңғыш бедерлі шрифт авторы Л.Брайль атындағы зал зағип жандардың кітап оқуына жағдай жасайды. Мұнда келетін көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандар өздеріне ұнаған қызықты тарихи, психологиялық, мотивациялық, әдеби кітаптары жиі оқитын көрінеді. Олар оқулықтарды SARA, Oрtelec деп аталатын арнайы зағиптарға арналған оқу машинкаларымен оқиды. Сонымен қатар, бүкіл дүние жүзіндегі зағип азаматтар қолданатын Брайльша бедерлі нүтелі кітаптарды оқып және де арнайы дыбыстылған аудио нұсқадағы кітаптарды тыңдай алады.


Ендігі кезекте елімізде бұл мереке аясында қандай іс-шаралар атқарылатынына тоқталып, өткен жылдарға шегініс жасайық. Мәселен, өткен жылдары Түркістан облысындағы Арыс қаласында «13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне» орай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, қала басшылары зағип және нашар көретін азаматтар қоғам назарынан ешқашан шет қалмайтынын, әрқашан тиісті заңдылықтар аясында қолдау көрсету бағытында жұмыстар атқарылатынын жеткізген. Ал, былтыр дәл осы күні Созақ ауданындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ғимаратында «Көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандарға қызмет көрсету нүктесі» және аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Бар әлемді жүрегіммен көремін» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталған шараға аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, облыстық «Зағиптар қоғамы» аудандық филиалының президенті мен сол қоғамның мүшелері, мүгедектер қоғамының төрағасы, «АСАР» Түркістан облыстық мүгедектер қоғамының Созақ аудандық филиалының төрағасы қатысып, жылы лебіздерін білдірген. Дегенмен бұл бір ғана Түркістан облысындағы мерекелік іс-шаралар.


Ал ел көлемінде бұл күні көптеген жұмыс атқарылып, әлеуметтік санатқа жататын азаматтарды қолдауға бағытталған нысандарды іске қосылатыны айқын. Өйткені көру қабілеті нашар азаматтар да біздің теңқұқықты, тең дәрежелі қоғамның маңызды бір бөлігі. Ал оларға керек кезде қол ұшын созып, қолдау көрсету біздің азаматтық парызымыз және мемлекет алдындағы міндеттердің бірі. Бүгінде қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетіп жүрген еріктілер мен қарқынды қызмет етіп жатқан «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік орталықтары сол бір қамқорлықтың белгісі іспеттес. Осы орайда бүкіл әлемді саусақтың ұшымен танып, ерекше сезіммен күн кешіп жүрген азаматтарды мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз!


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ