Әлемнің қазақстандық вакцинация паспортын мойындамауының себебі белгілі болды

0
640

​Жемқорлық жайлаған елдің азаматына егілсе де сенім жоқ.


Әлемнің қазақстандық вакцинация паспортын мойындамауының себебі белгілі болды

ERNUR.KZ. Қазақстанның Вакцинация паспортын (ВП) дүниежүзінде жалғыз ғана мемлекет сөзсіз мойындады, ол – Грузия. Отандық осы құжатпен Грузияға еркін кіріп, оның бүкіл аумағында емін-еркін жүре аласыз, деп жазады inbusiness.kz.

Әрине, шетелдік барлық ВП-ны мойындаған басқа да елдер бар. ВП-ға ие қазақстандық Түркия, Черногория, Хорватия, Ресей және Кипрге ПТР-тест анықтамасынсыз кіре алады.

Дегенмен, бұл елдердің ішінде кейбір санаторийлер, қонақүйлер, клиникалар, өзге мекемелер бәрібір анықтама талап ететін көрінеді. Өзге мемлекеттер эпидемиологиялық ахуалы күн сайын нашарлап бара жатқан Қазақстанды «қызыл тізімге» енгізіп қойған, тиісінше, қазақстандықтың тіпті вакцина еккізгенін растайтын құжаты болса да, шекарада одан ПТР-тест тапсыруын талап етеді. Бұған қоса, еліміздің ВП-сының мойындалуына басқа да факторлар кері ықпал етіп отыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Жалған паспорт 15–25 мың теңге тұрады Біріншіден, Қазақстанда Вакцинация паспорты сатылатынын мемлекеттің өзі мойындады және сонымен белсенді түрде күресуге кірісті. Схема қарапайым: вакцина салуды қаламайтын, алайда күн сайын ПТР-тестке шығындалғысы келмейтін адам интернет, әлеуметтік желі арқылы делдалды тауып, егілмей-ақ ВП алуға келіседі, сұраған ақысын береді. Оның ақысы ірі қалаларда 15–25 мың теңгеден басталатын көрінеді.

Содан көрсетілген емхана-клиникада оны ресми тіркеп алады, бұл ретте вакцина қолжуғышқа төгіледі. Ал ол адамның деректері базаға, eGov mobile мобильдік қосымшасының «Цифрлық құжаттар» сервисіне енгізіледі. Арада тиісті уақыт өткен соң, осы көзбояу қайталанады, eGov mobile сервисінде Вакцинациялау паспорты пайда болады. «Шарасыздар» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Тобатаева Алматыдағы №4 емханасында ВП сату жолға қойылғанын хабарлады.

Оның дерегінше, бұл құжат онда 15 мың теңгеден саудаланған. Салдарынан, мемлекет қаржысына алынған қаншама қымбат препарат жерге босқа төгілген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты растады және барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданғанын жеткізді.

Өз кезегінде министр Алексей Цой министрліктің келіп түсетін әрбір шағымға мұқият тексеру жүргізіп, қатаң үн қататынын мәлімдеді: «Біз барлық медициналық қызметкерге мұның қылмыстық қудаланатынын ескерттік. Заң алдында бәрі тең, оны аттағандар жазаланады. Қарау қарекеттерге барғандарды табамыз», – деді А.Цой.

Күрес күшейсе, жалған паспорт құны да қымбаттауы ықтимал. Әрине, әрбір ВП алған адамның бойында антиденелердің бар-жоқтығына жаппай тексеріп шығу мүмкін емес. Сондықтан дәлелдеу күрделі. Мұнымен күресу үшін барлық егілу пунктерінде, осы іске жұмылдырылған бүкіл емхана-клиникада бейнебақылау орнатуға болар еді. Бірақ ол қыруар қаражатты және қосымша жұмыс орындарын құруды қажет етпек. Салдарынан, жалған ВП-сы бар адамдар елге ПТР-тест тапсырусыз еркін оралады, дәмхана-мейрамханаларда қымсынбай тамақтанады, «Ashyq»-ты алдап, оған қосылған бизнес нысандарын аралайды, қашықтан емес, тікелей жұмыс орнына барып, жұмыс істейді.

Бұған тосқауыл қою үшін Алматыда Егу пункттерінің жұмыс сапасын және вакцинациялау қағидаларының сақталуын бақылайтын жұмыс тобы құрылды. Оған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров басшылық етеді. Құрамына мегаполистің бас мемлекеттік санитары Жандарбек Бекшин және басқа шенеуніктер мен сала мамандары кіретін топ екпе егілетін 208 орынның әрқайсысына ескертусіз сау ете қалып, тексеру жүргізеді, бақылайды.

Құзырлы органдар да алда «бақылаулық сатып алулар» жүргізуі ықтимал. Себебі, интернет жалған ВП ұсыныстарына толып кетті. Қазақстандық вакцинациялау паспортын әлем елдерінің қабылдамауының өзге де себептері жетерлік. «Мен жақында ВП алдым. Оқып отырсам, деректер дұрыс енгізілмеген екен. Мысалы, вакцинациялауды өткізу орны бағанасында ұйымның атауы тіпті қазақша және ағылшынша нұсқаларында да тек орысша толтырылыпты. Мүмкін, ұйым атауын ағылшыншаға аудару күрделі шығар. Ал мемлекеттік тілде дұрыс толтыру сонша қиын ба? Барлық ресми бланкілерде бар емес пе», – деп қайран қалады оралдық Тимур Оразбаев.

Лисаков тұрғыны Антонина Кликоцкая да ВП-да қателер өріп жүргеніне назар аудартты.

«Мен 31 мамырда қалалық емханаға егілуге бардым, көптен ізденіп жүріп, ақыры Hayat-Vax-ты салғыздым. 15 маусымда екінші компоненті егілді. Алайда eGov mobile қосымшасында, менің вакцинациялау паспортымда мүлдем басқа вакцинаның аты жазылып қойылыпты. Емханама қайта-қайта қоңырау соғып жатырмын. ВП-ға өзгеріс енгізіңіздер, менің вакцинамның аты көрсетілсін деп сұраймын. Әлі күнге дейін өзгеретін емес», – дейді ол.

Басымдық қазақша, ағылшынша нұсқаларына берілсін Экс-қазақстандық, қазіргі Ресей азаматы Анна Штапаук көрші елге кетпей, Қазақстанда қалып, жұмыс істеуде, ол вакцинаны елімізде салғызыпты. Екі компонентін де алғанын айтады.

«Электронды цифрлық қолтаңбам бар, сондықтан eGov ұялы қосымшасында бірден вакцинация паспортымды тауып алдым. Егілген емханам ВП-ның қағаз күйіндегі нұсқасын – «вакцинциялаудан өту туралы анықтаманы» берді. Осы құжат маған әлемде саяхаттауға мүмкіндік беруге тиіс, себебі онда QR-код бар. Бірақ мен саяхаттай алмаймын. Неге? Біріншіден, онда менің фотом жоқ. Көптеген елдер фотосы бар вакцинациялау сертификаттарын талап етеді. Екіншіден, менің аты-жөнім бар жерде орысша жазыла салынған. Дұрысы, ағылшынша нұсқасында аты-жөнім паспортымдағыдай латын қаріптерімен терілуге тиіс еді. Үшіншіден, ВП-да тіпті менің туған күнім де көрсетілмеген. Төртіншіден, онда менің паспортымның нөмірі жоқ. Ал азамат шетелге паспортымен саяхаттап, шекараларды кесіп өтеді ғой. Сондықтан бұл құжат шекарада көрсетуге жарамайды», – деп қынжылыс білдірді ол.

Өйткені деректері толық және дұрыс көрсетілмеген анықтамалар верификация, тұлғаны сәйкестендіру үшін жарамсыз саналады. Расында, қазақстандық вакцинация паспорттарында негізінен орыс тіліне басымдық берілгендігі, тіпті мемлекеттік тілге де қырын қарайтындығы көп сыналуда. Бұған кейбір дәрігерлердің, мәліметтерді толтырушылардың қазақ тілін білмеуі себеп болса керек. Әлемде орыс тілін білетін адам аз, негізінен ағылшын тілі жүреді. Сондықтан Үкімет отандық ВП әлемде мойындалуы үшін оның мемлекеттік және ағылшын тіліндегі нұсқаларының толымды толтырылуына мән бергені жөн еді.

«Қазақстандық шенеуніктердің осы біліксіздігі кесірінен мен дискриминацияға ұшырап отырмын. Өйткені бүкіл әлемде вакцина салғызбағандармен қатаң күрес жүруде, оларға қарсы шектеулер күшейтілуде. Мен болсам, вакцинациялаудан өтсем де, шет мемлекеттерде екпе еккізгенімді дәлелдей алмайын деп тұрмын. Қазақстан ағылшын тіліндегі, әрі барлық халықаралық талапқа жауап беретін ВП беруге қауқарсыз болып тұр. ХҚКО-ға да бардым, 1414 бірыңғай байланыс телефонына да хабарластым, көмектесе алмайтындарын айтады. Вакцина салған емхана қосымша ақпаратты енгізуден бас тартты», – деп қапаланады Анна.

Сонымен, қазақстандық вакцинациялау паспорты әлемде мойындалуы үшін ең алдымен, оның мемлекеттік және ағылшын тіліндегі нұсқалары дұрыс толтырылуы, азаматтың аты-жөні, паспортының нөмірі, вакцина еккен ұйымның екі тілдегі атауы көрсетілуі керек. Сондай-ақ онда екпе еккен дәрігердің қолы, ұйымның мөрі болғаны жөн. Ең бастысы, құзырлы органдар ВП саудасын тиюы керек. Онсыз халықаралық жұртшылық егілген қазақстандықтарға еш сенім білдірмейді, сертификатын сатып алған шығар деп күдікпен қарайтын болады.