"Алма апа" фильмі халықаралық байқауда Гран-приге ие болды

0
916

Фильм - жеке мәселелерінен басы қатып жүрген кәдімгі отбасы жайлы.


ERNUR.KZ. Франция мен Қазақстан бірлесіп түсірген "Олма Джон" фильмі Римдегі тәуелсіз кинофестивалінде Гран-При сыйлығына ие болды. Бұл картина біздің елімізде "Алма Апа" атауымен көрсетіледі, деп жазады 24.kz.

Туынды - Франциялық режиссер Виктория Якубованың түсірген тұңғыш толықметражды фильмі. Қазақстанда түсірілген кинода негізінен біздің актерлер ойнаған. Ал қаржыландыруы, монтаж бен постпродакшынын Франция тарапы қамтамасыз етті. Тылсым хикая Алматы облысында небәрі 9 күнде түсірілген. Фильм - жеке мәселелерінен басы қатып жүрген кәдімгі отбасы жайлы. Олар қиын жағдайдан шығу үшін туыстарын іздеуге мәжбүр болады. Бұл туынды Римде өткен тәуелсіз кинофестивальда қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, ең үздік көркем фильм танылды.

"Мені жақсы қабылдап, тұңғыш толықметражды фильм түсіруге мүмкіндік берген елге осындай сыйлық әкеп бере алғанымды мақтан тұтамын. Қазақстанда мен өз тамырларыма, өз бастауыма оралдым, сол себепті осы картинамды Қазақстан арқылы жеткізе алдым" - дейді режиссер Виктория Якубова.

"Олма Джонды" түсіруге Виктория Якубова мен оның жұбайы продюсер Эрве Шнайд өз қаражатын жұмсаған. Олар жұмысқа кино саласының атақты шеберлерін тартқан. Алайда Виктория Якубова алғашқы жеңісін Қазақстанда жұмыс істеген түсіру тобына арнады.

"Олма Джон" еуропалық көрермендерге алғаш рет осы айда Парижде өтетін қазақстандық кино фестивалінде көрсетіледі. Қазіргі кезде фильм шығарушылары оны Қазақстанда көрсету туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Біздің кинотеатрларға ол "Алма Апа" атауымен шығады.