​Алматы әкімдігінің бірінші қабаты халықты қабылдауға ыңғайлы етіп салынады

0
920

Алматыда қаңтардың басындағы оқиғадан кейін қызмет көрсету нысандары мен кәсіпорындар, сауда орындары мен жанармай құю бекеттерінің жұмысы қайта жанданды.


​Алматы әкімдігінің бірінші қабаты халықты қабылдауға ыңғайлы етіп салынады

фото ғаламтордан

Қалада бүлінген бейнебақылау камералары мен бағдаршамдар толық іске қосылды. Қазір күл-талқаны шыққан өзге ғимараттарды қалпына келтіру қызу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Ал шағын және орта бизнеске келген шығын әлі есептеліп біткен жоқ. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев жаппай тәртіпсіздіктерден кейінгі жөндеу жұмыстарын тездетуді тапсырды. Өйткені бейберектсіздік салдарынан бөлек, қаланың дамуына қатысты атқарылатын шаруа шаш етектен. Қаңтар оқиғасында күл-талқаны шыққан қала әкімдігінде күрделі жөндеу әлі басталған жоқ.

Әзірге ғимараттың іші-сыртындағы қоқыс тазартылып, бүлінген тастар алынып жатыр. Мамандардың айтуынша күлге айналып жарамсыз күйге түскен құрылыс материалдары өте көп. Шенеуніктер стратегиялық нысанды сызған авторлар мен сәулетшілердің көмегіне жүгініпті. Өйткені әкімдіктің тарихи келбетін жоғалтпау қажет.

Әзірге мемлекеттік ғимаратты жөндеуге 20 миллиард кететіні айтылған. Бірақ шығын көлемі алдағы уақытта еселенуі де мүмкін. Сондай-ақ қақтығыстан қатты зақымданған Президент резиденциясы, Қазақстан телеарнасы мен Республика алаңындағы медиа орталық, полиция департаментінің бөлімшелері мен фронт-кеңселері, экологиялық бекеттерді қалпына келтіру жұмыстары басталған. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қала әкімдігінің бірінші қабатын халықты қабылдауға ыңғайлы етіп жасауды тапсырды.

"Әкімшілік ғимаратының бірінші қабаты халықпен жұмыс істеуге, ашық кездесуге ыңғайлы емес. Ескі тәртіппен жасалған ғимарат қой. Мүмкін осы жағдайды пайдалана отырып, әлеуметтік үйді жасағандай, тұрғындармен кездесуге ыңғайлы етіп жасаған дұрыс шығар. Осы жағын сәулетшілермен ақылдасып көріңіздер", - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қазір қалада бүлінген бағдаршамдар мен бейнебақылау камералары түгел іске қосылған. Тұрғындардың тіршілігіне қажет 8 мыңға жуық қызмет көрсету нысаны, 120 ірі кәсіпорын мен 51 базардың жұмысы қайта жанданған. Өртеліп, қираған 23 жанармай құю бекеті жөнделуде. Аласапыранда есік-терезесі сынып, қабырғасына оқ тиген 37 пәтер қалпына келтірілген. Ал шағын және орта бизнес өкілдеріне келтірілген шығын 72 миллиард теңгеден асып жығылды. Кәсіпкерлерден өтініш әлі де толассыз түсіп жатыр.

"Шағын және орта бизнестен көбінесе азық-түлік емес дүкендер, ломбард және тамақтану орындары зардап шеккен. Ең ірі бизнестің шығыны 26 миллиард теңге. «ИнфоКазақстан» сайтына кәсіпкерлерден 200 өтініш түсті. Бүлінген нысандарды аралап, шығынды есептеу жалғасуда. Қаңтар оқиғасынан бірнеше аурухана мен перзентхана зақыманды. Ол жерде жөндеу жұмыстары басталған", - дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров.

Жиында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде түрлі жарақат алған құқық қорғау, құтқару, медицинаның 603 қызметкеріне бүгіннен бастап өтемақы аударыла бастайды. Төтенше жағдай кезінде күні-түні жұмыс істеген қызметкерлер де назардан тыс қалмай, оларға 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев орынбасарларына құрылыс крандарын тексеріп шығуды да тапсырды. Өйткені күні кеше айдын-күннің аманында мұнаралы кран құлап, бір адам мерт болған.