Алматы қаласындағы метро ұзартылады

0
631

Бұл "Алтын Орда" базары маңындағы кептелісті шешуге мүмкіндік бермек.


Алматы қаласындағы метро ұзартылады

суреттер: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Екі миллионнан астам тұрғыны бар Алматыда жыл сайын көлік инфрақұрылымы, баспанамен қамту жағынан дамып, әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып келеді.

Тұрғындардың саны жыл сайын артып келе жатқан Алматы қаласында тұрғын үй салу мәселесіне де ден қойылған. Былтыр қалада 2,6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде мемлекет бюджеті есебінен 4 мыңға жуық пәтер салынды. 2021 жылдың өзінде төрт мыңға жуық отбасы баспаналы болуы соның айғағы. Яғни, «Шаңырақ» пилоттық жобасы арқылы 1400-ге жуық пәтер беріліп, сонымен қатар «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы жыл сайын мың жас баспана алды. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында төрт жүзден астам отбасы пәтерлі болуда.

Айта кетерлігі, «Алматы жастары» бағдарламасы 2020 жылдан бері іске қосылған. Соның арқасында жыл сайын мыңға жуық жас пәтерлі болу мүмкіндігіне ие болып отыр. Қалалық бағдарламаның жастар үшін қолайлығы сол, бастапқы жарнасы 10%, ал жылдық пайызы – 5%. Бұл бағдарлама 2022 жылы да жалғасады деп жоспарланып отыр.


Алматы – Қазақстанда метро бар жалғыз қала


Қалада көлік инфрақұрылымы да жақсарып жатыр. Қаланың шеткі аймақтарында бір жылда 274 көшеге 64 шақырым жаңа жол салынса, 30 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 200 шақырымнан астам жол орташа жөндеуден өтті. Абай даңғылы, Сайын және Әуезов көшелерін алты шақырымға ұзарту жұмыстары да жүргізілді. Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жоспарланған.

Алматы – Қазақстанда метро бар жалғыз қала екендігі белгілі. Қала әкімдігінің жоспары бойынша метро жолы ұзартылғалы отыр. Ендігі жерде метро бағыты Наурызбай ауданы арқылы Райымбек даңғылына дейін барады. Бұл Алтын орда базары маңындағы кептелісті шешуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Талғар жақтан қалаға келетін тұрғындарға да жағдай жасалады.


Алматыда бір жылда 500-ден астам жұмыс орны ашылған

Елімізде ең көп шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұрған қаланың экономикасында да айтарлықтай өсім бар. Мәселен 2021 жылы қала экономикасы 5,5%-ке өсіп, 5,8 триллион теңгені құрады. Ал бюджетке түскен түсім 2,6 триллион теңгеге ұлғайған. Он ай ішінде капиталға салынған инвестиция 15%-ке өсті. Құрылыста 2,2% өсім байқалады, бөлшек сауда 12,7%-ке артқан. Осылайша үш триллион теңгені құрады. Көтерме сауда 2,3%-ке өсіп, 8,7 триллион теңгеге дейін жетті.

Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, бір жылда өнеркәсіпте 18% өсім бар. 2021 жылы индустриалды аймақта төрт жаңа жоба іске қосылды, 500-ден астам жұмыс орны құрылды.


Алматы – кәсіпкерлер қаласы. Қаланың экономикалық жағынан көш ілгері болуы шағын және орта бизнеске тікелей байланысты. Құрылыс, сауда, қызмет көрсету қарқынды дамып келеді, сондықтан да былтыр шағын бизнеске кредит беру көлемі төрт есе өскен. Осы және басқа да бағыттар бойынша бір жылда 55 мыңнан астам жұмыс орны ашылған, соның арқасында қалада жұмыссыздық 5,5% көрсетеді. Оның ішінде былтыр өңірде орташа жалақы көлемі де өсті – ресми ақпарат бойынша 283 мың теңгеден асады.

Алматыда тұрғындар санының жыл сайын артуына байланысты мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығы бар. Алайда ол мәселені шешу үшін былтыр мемлекеттік үш балабақша салынып, 72 жеке балабақша ашылды. Нәтижесінде үш жастан алты жастағы балалардың мектепке дейінгі мекемеге баруы 91% көрсетті. Сонымен қатар алып қалада өткен жылы үш мектеп салынды, бүгінде тағы бес мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ қалада жекеменшік мектепке де көңіл бөлінген. Мысалы, былтыр қыркүйектен желтоқсанға дейін 13 жеке мектеп ашылған.


Алматы әкімдігі бұған дейін бірнеше елдің университеті қалада филиалын ашатынын хабарлады. Бұл бастама жүзеге асып келеді. IT, қаржы, бизнес, құқықтық негізде білім беретін De Montfort University филиалы ашылды.

Алматы мектептерінің 80%-інде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Ол жерлерде ерекше қажеттілігі бар төрт мыңнан астам бала білім алып жатыр. Сондай-ақ мектеп жасындағы балалардың түрлі үйірмеге тегін қатысуы үшін 1,5 миллиард теңге бөлінген. Алматыда балалар спорттың қырыққа жуық түрі бойынша тегін қатысу мүмкіндігіне ие. Ал қала мектептері спорттық жабдықпен қамтамасыз етілуі бойынша ел ішінде көш бастап тұр.


«Жаңа Алматы» кешенді жоспары іске аспақ

Қаланың ішкі бағдарламасының бірі – «Жаңа Алматы» кешенді жоспары. Оны іске асыру мақсатында қаланың шеткі аймақтарындағы көлік, бизнес, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша 286 жоба жоспарланған. Қалада тұрғындардың 98%-інен көбі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Үйлердің 99%-і газбен қамтылған.

Экологиялық ахуал да әкімдік назарында. Мұны мемлекет басшысы да бірнеше жылдан бері айтып келеді. 2022 жылдан бастап екінші жылу электр орталығын газға өткізу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Екінші жылу энергиясы орталығының жұмысын жаңғырту зиянды заттардың көлемін 7,5 есеге азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ бір жылда қалада жиырмаға жуық экопост орнатылды, барлығында бейнебақылау камералары орнатылды.

Алматының қалалық жобаларының арасында экологияға қатысты «Жасыл Алматы» жобасы да бар. Бұл жоба үш жылда миллион ағаш отырғызуды көздейді. Оның басталғанына да екі жыл болды. Қазірге дейін оның 70%-ке жуығы орындалды.


2050 жылға дейін қабылданған қаланың даму стратегиясында экономикалық өсуге бағытталған. Оны әкімдік туризм, цифрландыру, креативті индустрияға баса назар аудару арқылы жандандырмақ. Туризмді дамыту үшін былтыр 84 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Оның ішінде жыл ішінде 54 млрд теңгеге үш қонақүй салынды.

Алматының әлеуметтік дамуы үшін креативті индустрия бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп келеді. «Алматы finance», «Алматы микроқаржы» ұйымы желісі бойынша 900 жоба қаржыландырылды. Олар табысты жұмыс істеп жатыр, әрі қарай да қызметін жалғастырады.

Қаланың инфрақұрылымын дамытудың модельдерін модельдеу, оның жүйелерін басқару үшін цифрлық жобалар іске асып жатыр. Мәселен, 2022 жылдың бірінші тоқсанында қаланың шұғыл қызметтерінің жұмысын біріктіретін диспетчерлік орталық іске қосылмақ. Бұл америкалық 911 жедел нөмірі секілді жұмыс істейді, қалада ол 112 арқылы қызмет көрсетеді. Бұл республикадағы осындай алғашқы орталық болады.


Айта кетерлігі, Алматы тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй мәселесін шешуі және әлеуметтік мәселенің оң шешімін табуы 2025 жылға дейінгі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында көрсетілген.

Айгерім Қыдырбаева,

ERNUR.KZ