"Almaty" хостеліндегі өрт: Тергеуге қатысты жаңа деректері белгілі болды

0
604

Almaty Hostel-дегі өрт 2023 жылғы 30 қарашада болды. Салдарынан 13 адам қаза тапты.


ERNUR.KZ. Алматы прокуратурасы адам өліміне әкелген, хостелде болған өртті тергеу қалай жүріп жатқанын хабарлады, деп жазады stan.kz.

Almaty Hostel-дегі өрт 2023 жылғы 30 қарашада болғанын айта кетейік. Салдарынан 13 адам қаза тапты.

Сол күні бұл оқиға Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігінде ("Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

"Аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен жалға алушы ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта Алматы қаласы прокуратурасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеу үшін сотқа дейін тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жандос Әбдібаев.

Сотқа дейінгі тергеу барысында қаза тапқан барлық 13 адамның жеке басы анықталды, олардың денесі туыстарына берілді. Өртте қаза тапқандардың толық және нақты тізімін құзыретті органдар әлі жарияламағанын айта кетейік.

Әкімдіктің мәліметінше, хостел өрттен бір жарым ай бұрын ашылған, ғимарат Halyk Bank-ке кепіл мүлкі ретінде тиесілі болған және банк оны жалға беріп қойған.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда өртенген хостелдің басшысы ұсталғанын хабарлаған едік. Сонымен қатар Алматы әкімдігі хостелде қаза болған қазақстандықтардың отбасына бір миллион теңгеден бөлетінін айтты.