Алматы неге коронавирустың таралуы бойынша "қою қызыл" аймаққа енді

0
94

​Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Алматыда инфекциялық төсек-орындардың 65,6%-і бос емес.


Алматы неге коронавирустың таралуы бойынша

ERNUR.KZ. Алматының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қаланың не себепті коронавирустың таралуы бойынша "қою қызыл" аймаққа енгенін айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Оның сөзінше, барлығы республиканың бас санитар дәрігерінің қаулысына негізделген.

"Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес жалғыз критерий белгіленді. "Қою қызыл" аймақ инфекциялық стационарлардағы төсек-орынның толуы бойынша енгізіледі. Неге Алматы "қызыл қою" аймаққа енді? Бұл ең алдымен алдын алу шарасы. Тәулік сайын қала тұрғындары арасында 1 200-1 500 адамнан коронавирус инфекциясы табылып жатқаны белгілі", - деді Әсел Қалықова.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Алматыда инфекциялық төсек-орындардың 65,6%-і бос емес. Қала бойынша 7 625 төсек-орын бөлінген. Қазіргі уақытта 4 930 адам ауруханада жатыр.

Айта кетері, Қазақстанда бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес коронавирус матрицасы бойынша "қою қызыл" аймақ пайда болды. "Қою қызыл" аймаққа инфекциялық төсек-орынның 70%-і толы, ал төсек-орынның толу көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 200-ден асатын өңірлер кіреді.

Екінші тамыздан бастап Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Атырауда және Қарағандыда карантин күшейтілді. Бұл қалалар "қою қызыл" аймаққа кіріп отыр.