Алматы облысында балаға жай түсті

0
411

Баланың арқасы, белі және сол аяғының төменгі жағы күйіп қалған.


Алматы облысында балаға жай түсті

ERNUR.KZ. Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына 11 жастағы найзағайдан жарақат алған бала түсті. Найзағай соққысынан баланың арқасы, белі және сол аяғының төменгі жағы күйіп қалған, деп жазады ҚазАқпарат.

«31 шілде күні жедел жәрдем көлігімен 11 жастағы найзағай соққысынан жарақат алған бала түсті. Ауруханаға түскен кезде пациенттің жағдайы орташа ауыр болды. Оның арқасын, белін және сол жақ аяғының төменгі жағын термиялық күйік шалған. Балаға шұғыл көмек көрсетілді. Қазір бала травматология бөлімінде хаттама бойынша ем қабылдап жатыр», - деді аурухана директорының орынбасары Қалиев Асқар Сәулебекұлы.

Дәрігерлер шілде-тамыз айларында найзағай жерге жиі соғатынын ескертіп, ата-аналарды балаларына сақ болуға шақырады. Аталған аурухана дәрігерлері қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында ата-аналарға арнап арнайы жадынама ұсынады.

• Жалғыз өскен ағаштың астына тығылмаңыз. Ондай ағаштар найзағай тартуы мүмкін. Әсіресе, теректер, шыршалар мен қарағайлар қауіпті. Ойпатты жерлерде (шұңқырлар, арықтар, сайлар) немесе автомобиль жолдарының астындағы су өткізгіштерде жасырынған дұрыс.

• Қалтаңыздан металл заттарды (кілттер, шынжыр, ойыншықтар) алыңыз.

• Егер сіз велосипедпен жүрсеңіз, одан кем дегенде 30 метр алыстап, жаңбыр аяқталғанға дейін жанына жақындамаңыз. • Ұялы телефонды біраз уақытқа өшіріңіз.

• Егер суға түсу кезінде найзағай соға бастаса, шұғыл түрде судан шығып, жағадан 100 метр қашықтықта жүріңіз. Су электр тогын жақсы өткізеді және найзағай тартады.

• Мүмкіндігінше көлікте немесе ғимаратта жасырыныңыз. Егер бұл мүмкін болмаса, жоғарыдағы ұсыныстарды орындаңыз

• Жаяу жүруді тоқтатып, жақын маңдағы ғимаратта күткен дұрыс. Аялдамада күту қауіпті. Өйткені жел аялдама шатырын ұшырып әкетуі мүмкін.

• Үйде болсаңыз, барлық электр құрылғысын өшіріп, терезелерді жабыңыз.

• Балконға немесе аулаға шықпаңыз. Бұршақ жауа бастаса, терезеден алыс жерде болған дұрыс. Өйткені бұршақ терезені сындыруы мүмкін.