Алматы облысында мектеп қызметкері оқушылар алдында стриптиз билеген (видео)

0
944

Осы жайт үшін мектеп директоры қызметінен қуылды.


Алматы облысында мектеп қызметкері оқушылар алдында стриптиз билеген (видео)

ERNUR.KZ. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Әймен ауылында мектеп қызметкері оқушылардың алдында стриптиз билеген. Сынып жетекшісі мен ата-ана эротикалық биді көптің көзінше қосыла билеген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Білім ордасында болған оғаш жағдайдан соң білім басқармасы директорды орнынан алып тастаған. Ал, Еңбекшіқазақ ауданындағы Әймен ауылының тұрғындары мектепте болған оқиғаға директор кінәлі емес деп санайды. Сондықтан бас ұстазды кері қайтаруды талап етіп келеді. Айта кетейік, бұл оқиға Жаңа жыл қарсаңында болған еді.

«Бұл жағдай 28 желтоқсан күні мектептің ауласында болған. Әрбір сыныпта тәрбие, сынып сағаты өткен. 2-сыныптың оқушыларын мұғалімі аулаға шығарады. Сол жерге ата-аналар да жиналған. Балаларды отырғызып қойып, ата-аналар «мұғалімдеріңе сюрприз жасаймыз» деген. Сынып жетекшісіне ішінде шампаны бар сыйлық берген. Оны Зайтуна деген сынып жетекшісі ұялмай алған. Сыртына аяз-атаның шапанын киіп келген әйел шапанды шешіп тастап, ұятсыз музыка қойып, стриптиз билеген. Ол биді көргеннің өзі ұят. Оған сынып жетекшісі Зайтуна да қосылып бірге билеген. Оқушыларды отырғызып қойып билеген», - деді мектептегі қамқоршылық кеңесінің төрайымы Мақташ Хамитова.

Оқушылардың көз алдында болған бұл жағдай лезде елге тарап, ұстаздар да, директор да сынның астында қалған еді. Аудандық білім бөлімі сынып жетекшісімен бірге директорды да орнынан алып тастағанымен, кейін бастауыш сыныптың мұғалімі орнына қайта келген. Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің мәліметінше, Том Джонстың орындауындағы атақты Sex bomb әнін билеген адам мектептің концерттік іс-шарасына жауапты тұлға болған.

«Мұны директорға өштесіп жүргендер әлеуметтік желіге әдейі шығарған деп ойлаймын. Мақсат Рамазанұлының (мектеп директоры – авт.) бұл жайтқа еш қатысы жоқ еді, амал жоқ, арызын жазып шығып кетті. ол өте білікті маман, жұмысына жауапты. Енді қазір оны басқа қызметке орналастыру жағын қарастырып жатыр», - деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі.

Арада бір айт өтсе де, халық бас ұстазды қайтару акциясын әлі жалғастырып келеді. Төрт жүзге жуық бала білім алатын мектепке жаңа директор тағайындалмаған. Мыңға жуық отбасы тұратын Әймен аулының халқы оқу ордасындағы орынсыз жағдайға директордың тікелей қатысы жоқ екенін дәлелдей алмай келеді.

«Директордың адалдығына, әділдігіне сенеміз, оның біліктілігіне басымызды иеміз. Мақсат Рамазанұлын ауыл халқы төрт жылдан бері жақсы таниды, өте адал, еңбекқор адам. Біз директорды жібергіміз келмейді. Аудандық білім бөлімінің басшысына бірнеше рет бардық. Жүз адам өтініш жазып, қол қойған. Ата-аналар, қамқоршылық кеңесінің мүшелері төрт рет бардық. Білім бөлімінің басшысы басында біздің арызымызды да қабылдаған жоқ. Директорды қайтарыңдар деп өзге ұлттың өкілдері де талап етіп жатыр», - деді Әймен ауылының тұрғындары.

Аталған жағдайға қатысы мектептің бұрынғы директоры Мақсат Жайлыбай пікір білдіргісі келмеді.

«Бұл жағдайдан кейін біз ауданға қанша рет бардық. Аудандық білім бөлімінің басшысы бізді тыңдамайды. «Қайда барсаңдар, сонда жазыңдар, мен оны директор қылмаймын» деді. Осы ауылда тұрған соң директордың көп жақсы істер жасағанын білеміз. Аудандық білім бөлімінің басшысы біздің мына арыздарымызды қабылдамайтындай кім? Біз өз мақсатымызға жеткенше арызданып, жоғары жаққа да баруды тоқтатпаймыз», - деді Әймен ауылының тұрғыны Усня Бакуева.