Алматы облысында шенеунік 14 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді

0
510

​Лауазымды тұлға, құрылтайшы және мердігерлік ұйымның директоры аса ірі мөлшерде пара алды және берді деген күдікпен ұсталды.


Алматы облысында шенеунік 14 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді

ERNUR.KZ. Алматы облысында кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы мен мердігерлік ұйымның басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп жазады sputniknews.kz.

Олар аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Басқарма басшысы ЖШС басшылығынан 666 миллион теңгені құрайтын келісімшарт сомасының 15%-ін пара түрінде, яғни бұған дейін келісілген 90 миллион теңгенің 33 500 долларын (14 миллион теңгеден астам) алды деп айыпталуда.

Бұл қаражат облыс аумағында нысан құрылысына бағытталған.

Параны шенеунікке ЖШС-ны мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы деп тану және кейін "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген ақшаға салынатын нысанда орындалған жұмыстар көлемін кедергісіз қабылдау үшін берген.

Лауазымды тұлға, құрылтайшы және мердігерлік ұйымның директоры аса ірі мөлшерде пара алды және берді деген күдікпен ұсталды. Қазір олар Алматы облысының уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

Бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр. Тергеу жалғасуда.

Тергеу мүддесіне сәйкес, басқа ақпарат жария етілмейді.