Алматы облысының тұрғыны ұлының 10 жыл бұрын шетінеп кеткенін дәлелдей алмай жүр

0
444

Жанар Мұратқызы өзінің тек үш баласы бар екенін әлі күнге дәлелдей алмай келеді.


Алматы облысының тұрғыны ұлының 10 жыл бұрын шетінеп кеткенін дәлелдей алмай жүр

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Алматы облысында жас ана ұлының шетінеп кеткенін 10 жылдан бері дәлелдей алмай жүр. Өлі туған шақалақты дәрігерлер тірі деп тіркеген. Ал әкімдік Жанар Мұратқызын көпбалалы ана ретінде әлеуметтік көмек алуға шақырудан жалыққан емес, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жанардың қазір үш баласы бар. Оның тұңғышы 2012 жылы Өтеген батыр кентіндегі перзентханада туа сала шетінеп кеткен екен. Қайғыдан құса болған жас ана кейін перзентханадан шыққанда дәрігерлердің қолына ұстатқан анықтамасын оқуға да шамасы келмеген. Тек арада алты жыл өткенде әкімдік Жанарды көпбалалы ана ретінде әлеуметтік жәрдемақы құжаттарын әкелуге шақыртқан. Сол кезде ғана Жанар тұңғышың әлі «тірі жүргенін» бір-ақ білген.

«2012 жылы шілде айында Іле ауданының орталық перзентханасында босандым. Бала көгеріп кеткен соң, бірден басқа бөлмеге алып кетті. Орап тастаған шақалақты маған «өлі туды» деген соң жылаумен, қайғымен ес жия алмай қалдым. Шығарда қолыма құжат берген. Оны қарамадым да, жылап-сықтап кеттім. Дәрігерлер маған баланың өлі туылғаны немесе шетінеп кеткені туралы анықтама беруі керек еді. Алайда олар маған ұл баланың 4 келі салмақпен туғаны туралы құжат берген. Яғни, маған кейін балаға туу туралы куәлік алатындай анықтаманы берген. Перзентханадан шығару құжатына мені «үйде босанды», «баласы үйінде шетінеп кетті» деген өтірік мәліметтерді де жазыпты. Өзге құжаттармен бірге сандықта жатқан анықтаманы тек 2018 жылы ғана іздей бастадық», - дейді Жанар Мұңайтпасова.

Арада алты жыл өткенде жанар төртінші баласын босанған. Тұңғышы шетінеп кеткенімен, қазір одан кейін туған екі ұл, бір қызын өсіріп жатыр. Бірақ Қарасай аудандық әлеуметтік жәрдемақы тағайындау бөлімі «көпбалалы анасың» деп бірнеше рет шақырған. Ол төрт жылдан бері атаулы әлеуметтік жәрдемақыдан бас тартқанымен, өзінің тек үш баласы бар екенін әлі күнге дәлелдей алмай келеді.

«Төрт баласы бар ана ретінде мені Қарасай ауданының мамандары бірнеше рет шақырды. Оларға төртінші рет босанғанымды, алайда тек үш баламның бар екенін айттым. Олар мені Өтеген батыр кентіндегі ХҚКО жіберді. Ол жердегі мамандар жағдайды естігенде шок болды, шулап кетті. Перзентханадан берілген құжаттардың түпнұсқасын беруімді талап етті. Көнбеген соң, жалынды. Сол қалпы анықтаманы бермедім, әлі сақтаулы. Мен сол кезде олардың өздері құжатты қате тіркеп, аурухана жіберген мәліметті тексермей, менің баламды тірілердің қатарына қосқанын түсіндім. Анықтаманы содан бері сақтап келемін. Мен мемлекеттің құжаттамаларды сандық жүйеге көшіру бағдарламасы бойынша жасалған ортақ базаға кіріп көрсем, балам әлі тірілердің қатарында тұр. Базадағы мәлімет бойынша Асылбек Айбекұлы қазір он жаста, тірі. Шақалақ шетінеп кетті ме, әлде шынымен өлі туды ма, ол жағын дәрігерлер біледі. Сол кезде олар құжат толтыру үшін балаға ат беріңдер деген соң, Асылбек деп атады. Оның туу туралы құжатында аты-жөні әлі күнге дейін көрініп тұр. Базадағы мәлімет бойынша мен төрт баланың анысымын», - дейді ол.

Іле аудандық ХҚКО мамандары баланың өлі екенін 2018 жылы білсе де, базадағы жалған мәліметті сол қалпы өзгерте алмаған. Ал өмірде жоқ баланы тірілердің қатарына қосып, құжатты әу баста қате толтырған акушер-дәрігер әлдеқашан зейнетке шығып кетіпті. Шамалған ауылдық округінің әкімдігі кәсіпкерлер арқылы тарататын азық-түлік себетін Жанарға көпбалалы ана ретінде әлі күнге ұсынудан жалыққан емес.

«Менің жарық дүниені көрмей жатып 2012 жылы шетінеп кеткен ұлым мемлекеттік базадағы ақпарат бойынша осы жазда, яғни шілденің 26-ы күні 10 жасқа толады екен. Осыны көріп, онда менің балам расымен өлмеген, дәрігерлер жасырып ауыстырып жіберген шығар деген ойда туды. Ешбір мекеме базадағы ақпаратты өзгертпей отыр. Мені әкімдіктің көпбалалы ана ретінде қайта-қайта көмек алуға шақыруы қорлау, жан жарамды тырнау деп түсінемін», - дейді Жанар Мұңайтпасова.

Алайда Алматы облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ құжатты өздерінің жасамағанын мәлімдеді. Мұңайтпасованың аудандық ХҚКО барғанын да жоққа шығарды.

«Бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» туралы берілетін мемлекеттік қызмет беруші – АХАТ қызметі. Мұнайтпасова Жанар Алматы облысы бойынша ХҚКО жүгінбеген, яғни біздің мамандар одан «ТУУ туралы куәлікті беру» бойынша өтініш қабылдамаған. ҚР Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы 2013 жылғы 15 сәуірдегі № 88-V заңының «Электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету» бойынша 21-бабына сәйкес, «электрондық үкіметтің» веб-порталы және «электрондық үкіметтің» шлюзінде, «электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзінде орналастырылған сервистермен интеграцияланған ақпараттандыру объектілері арқылы жүзеге асырылады. Электронды Үкімет порталының цифрлык құжаттар бөлімінде өлі туған баланын туу туралы куәлігі шығып турғаны туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялары» АҚ және АХАТ қызметі арқылы анықтаңыздар», - делінген хабарламада.