Алматы тұрғыны прокуратураның алдында өзін өртемек болды

0
2 368

Сот орындаушысы оның үйін сатып жіберген.


Алматы тұрғыны прокуратураның алдында өзін өртемек болды

ERNUR.KZ. Алматыда бес жылдан бері әділдік таппай жүрмін деген қала тұрғыны өзіне қол салудан басқа амалы қалмағанын мәлімдеді. Медеу ауданында тұратын Кәмила Әдиева баспанасынан айрылып қалғанын айтады. Тұрғынның жалғыз үйін 2015 жылы Алматыдағы жеке сот орындаушыларының бірі сыртынан сатып жіберген көрінеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Кәмила Әдиеваның басындағы оқиға 2014 жылы басталған. Алматыдағы «Көк базардың» маңында тұратын отбасы қаржылық қиындыққа тап болады. Үй иесінің қызы науқастанып, Кәмила әріптесінен 900 мың теңге қарыз алады. Осы берешекті жабу үшін Гүлбану Шайхисламова деген әйел ұсыныс жасап, баспананы кепілдікке қойғызады. Әріптесіне 556 мың теңге қарызын жауып берген адам ақырында үйдің құжаттарын қайтарудан бас тартқан. Көп ұзамай Алмасбек Елтоков есімді жеке сот орындаушысы келіп, К.Әдиеваның Жетісу көшесі 3 мекен-жайындағы үйін электрондық саудаға шығарғанын хабарлаған.

Аукционнан баспананы сатып алу үшін Егения Некрасова мен Шолпан Егембердиева деген екі әйел өтінім берген. Баспана небәрі 2,5 млн теңгеге сатылған. Оның нарықтағы құны он сес қымбат көрінеді. Жәбірленушінің айтуынша, аталған екі адам да жалған тұлғалар болып шыққан. Үй иесінің пайымынша, жеке сот орындаушысы өз қызметін асыра пайдаланып, бұл электрондық сауданы жеке мүддесі үшін ұйымдастырған.

«Мен мұны алматылық жеке сот орындаушысы Алмасбек Елтоковтың ұйымдасқан қылмыстық тобы жасады деп ойлаймын. Оған көптеген дәлелім бар. Мен қарызымды жабуға талпынып, алғашқы 100 мың теңгені Елтоковқа бердім. Салыстырмалы түрде айтқанда, жалғыз баспанамды сыртымнан сатып жіберетіндей көп сомма емес еді. Өзім екінші топтың мүгедегімін. Бұл үйде менен басқа 8 адам тұрамыз. Бес жыл болды. Үйді өзге біреудің атына аударып тастаған. Енді босатуды талап етіп жатыр. Өзіме қол салдуан басқа амалым қалмады», - дейді ашынған әйел.

Өткен 5 жылда іс сотта қаралып, Медеу ауданының соты Әсел Әбішева іске қатысты шешім шығарған. Судья Кәмила Әдиеваның «келісімшартты заңсыз деп тану» туралы талап арызын қанағаттандырусыз қалдырыпты. Жәбірленушінің айтуынша, сот қазысы кейін қызметтік этикаға қарсы әрекет еткені үшін жазаланған. Медеу ауданының тағы бір судьясы Дәулет Әбдіхалықов үй иесінен пара талап еткені үшін және алаяқтық жасағаны үшін жұмысынан шеттетілген. Ал жеке сот орындаушы Алмасбек Елтоковқа қатысты Алмалы аудандық полиция басқармасы «Қызметін асыра пайдаланғаны үшін» деген айыппен іс қозғағанымен, іс сотқа жетпеген.

Қылмыстық іс 19.09.2015 жылы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі №157570031002581 номерымен теркеліп, ҚР ҚК 190 бабы 4 бөлімімен іс қозғалған. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену негізінде тергеу жүрген.

Алайда, Кәмила Әдиеваның баспанасына қатысты дау шешілмей отыр. Медеу аудандық полиция басқармасының Полиция бөлімі тергеушісі Н.Мейрамғали сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы 18.12 2020 жылы қаулы шығарған. Ал, оны аудан прокурорының орынбасары Ж.Жакаев мақұлдапты.

Амалы таусылған әйел бүгін қалалық прокуратураның алдына келіп, өзін өртеуге бел буды. Алайда, бұл акциядан алдына ала хабардар болған қадағалаушы орган қызметкерлері К.Әдиеваны қала прокурорының жеке қабылдауына жаздырып, ертең сағат 11:00-ге кездесуге шақырды. «Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев жәбірленушіге қатысты барлық құжаттарды тексеруге уәде берді», - дейді Қалалық прокуратураның баспасөз хатшысы Кенесары Бағбанұлы.